Жолдау және су мәселесі
Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын атап өткен болатын, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікғали Брекешевтің атқарып жатқан жұмыстары туралы саралап көрген едік.
Су тапшылығы
Жыл басында Үкімет алдында сөйлеген Серікғали Брекешев еліміздің негізгі өзендерінде биыл да су аздығы байқалатынын айтқан болатын.
Атап айтсақ, Алматы және Жамбыл облыстарының шаруалары биылғы жоспар бойынша былтыр игіліктеріне жаратқан суармалы су көлемінен кем қамтамасыз етілмейді. Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі біршама алаңдатқан болатын. Оған басты себеп – Тоқтоғұл су қоймасында жиналған су көлемінің былтырмен салыстырғанда аз болуы – деген болатын министр.
Ол кезде «балапанды күзде сана» дегенге үйренген халқымыз, министр мәлімдемесінің нәтижесін күзде көрмек болған да қойған.
Дегенмен, көрші елдермен бірге қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде аталған мәселелер біртіндеп іске аса бастағанын байқауға болады.
Мәселен, Тоқтоғұл қоймасында биылғы жылғы 1 қаңтардағы су көлемі былтырғы дәлме-дәл кезеңмен салыстырғанда 2,1 млрд текше метрге аз болды. Ал былтырғы және биылғы 15 наурызда тіркелген су көлемінің айырмашылығы - 1,1 млрд текше метрге тең болды. Әғни уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,0 млрд текше метрге ұлғайтылды. Сонымен қатар, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізілді – дейді министр.
Біздің елдегі суға қатысты мәселенің көбі трансшекаралық өзендерге тікелей қатысты. Соған қарамастан министрлік жүргізген жұмыстардың нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарының фермерлері былтырғы деңгейде сумен қамтамасыз етілді.
Өзбек және тәжік тараптарымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шардара су қоймасына құятын ағын су көлемі ұлғайды. Нақты айтсақ, 22% пайызға артты. Сондай-ақ, ақпан айында «Бахри Точик» су қоймасынан Қазақстан жаққа қосымша 181 млн текше метр су жіберілді. Одан бөлек Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының отырысы өтіп, онда Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының жұмыс режимдері келісілді. Сонымен қатар, әрбір елдің су алу лимиті бекітілді – дейді Брекешев.
Су мәселесінде еліміздің ауа райы да айтарлықтай рөл ойнайды. Тіпті Қазгидромет қызметінің болжамдары елдегі су саясатын саралауға ықпал ете алады. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, елдегі су мәселесінің бір ұшы трансшекаралық өзендерге тіреліп тұр. Әсіресе Іле, Ертіс, Жайық, Сырдария, т.б. қатарлы су бассейіндері мол өзендердің тағдыры өзімізден көрі өзге елдердің қолына көбірек жалтақтайды.
Шардара су қоймасының жоғарғы бөлігінде байқалған жауын-шашын мөлшері жағдайды айтарлықтай жақсарта алады. Су қоймасына келетін су ағыны 500 текше метр/секундынан 940 текше метр секундына дейін ұлғайды. Нәтижесінде Шардара қоймасындағы су деңгейі 5 млрд текше метрге дейін толды. Одан бөлек, Көксарай су реттегішіне су жинауды бастауға және төменгі ағыс жаққа екі есе көп су жіберуге, яғни 100 текше метр/секундынан 200 текше метр/секундына дейін арттыруға мүмкіндік берді – деді министр.
Су тапшылығы жағдайында фермерлерге көмек көрсету үшін Үкімет резервінен каналдарды тазалауға, қосымша сорғылар сатып алуға және ұңғымалар бұрғылау жұмыстарына тиісті қаражат бөлінеді.
Жаңа су кодексі
Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр – деді Президент өз Жолдауында.
Ал министрлік болса, су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеп, оған институционалдық сипаттағы және практикалық қолдану мәселелері де енгізілетінін айтады.
Біріншіден, су ресурстарын басқарудың қолданыстағы институционалдық жүйесі басқарудың барлық функционалдық кешенін, атап айтқанда, талдауға, жоспарлауға, іске асыруға, тіпті бақылауды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, келесі жылдың соңына дейін су саласын басқарудың мемлекеттік жүйесінде Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын нығайтуды, жаңа Су кодексін әзірлеуді көздейтін институционалдық өзгерістер енгізу ұсынылады. Біз жаңа Су кодексін жасау жұмыстарын бастап кеттік – дейді министр.
Министрдің айтуы бойынша, екінші мәселе – ғылыми-зерттеу, талдау және жобалау жұмыстарына негізделген су саласының қазіргі жай-күйін кешенді бағалау.
Осы мақсатта, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын, оның жанынан су саласын салалық талдау орталығын аша отырып, трансформациялау жүргізілетін болады. Сол үшін білікті кадрларды даярлауға гранттар бөле отырып, базалық профильді жоғары оқу орнын айқындау жүріп жатыр. Әзірге М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасын пайдалануымыз мүмкін – дейді Брекешев.
Осы орайда тағы да Мемлекет басшысы айтқан су мәселесіне назар салсақ.
Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек – деген болатын мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Министрлік те Мемлекет басшысының осы тапсырмасы негізінде жұмыс істеп жатқанын байқауға болады. Ал жобаның үшінші тармағы, яғни Су ресурстарын тиімді пайдалану және шығының қысқарту үшін 2023-2025 жылдарда неғұрлым стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы жобаларын іске асыруды ұсынылады.
Атап айтқанда, бұл жаңа 8 су қоймасын салу, 16 апатты гидротехникалық құрылыстарын және 120 суару каналын реконструкциялау, суды бөлу және есепке алу процестерін цифрландыру және автоматтандыру. Сондай-ақ, суды үнемдеу үшін басты назар су үнемдеу технологияларын қолдануға және су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыратын тарифтерді белгілеу қажеттілігіне қойыла. Тариф су пайдаланушыға судың экономикалық жағынан құнды екендігі және оны ұтымды пайдалану қажеттігі туралы дабыл қағуы тиіс. 2025 жылға қарай, аталған шаралар қосымша 7 текше км сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бере алады – дейді Серікқали Брекешев.
Жерасты суы – жер үстіне жарамсыз ба?
Су мәселесі дегенде елдегі қуаңшылыққа барынша төтеп беруге тырысып келе жатқан ішкі өзендер мәселесін де айналып өте алмаймыз. Әсіресе жыл сайын су деңгейі азайып бара жатқан Жем, Сағыз, Нұра, Есіл, Ойыл, Қабырға, Жыланды, т.б. қатарлы ішкі тепе-теңдікті сақтап тұрған шағын өзендердің суын толықтыру мәселесі кезек күттірмейді.
Ал қазіргі уақытта елдегі кен орындарын пайдаланатындар жерасты суын ластап, тіпті Қалжыр өзенін еске алар болсақ, жер үсті суына да зақым келтіріп жатқаны ешкімге жасырын емес. Осындай бар дүниені жоққа айналдырып отырған кеннің бірі – Көкжиде.
Ақтөбе облысындағы Көкжиде жер асты суының ірі кен орнының мұнай өнімдерімен ластануы назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе болып отыр. Көкжиде ультрапрессті жер асты суларының кен орны батыс өңірде бірегей және оның әлеуетін сапалы ауыз суға тапшы Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын сумен қамтамасыз ету үшін пайдалануға болады – дейді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Көкжиде кен орыны маңында 8 жер қойнауын пайдаланушы көмірсутек шикізатын барлау және өндіру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді.
Әртүрлі кезеңде мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар Көкжиде кен орны ауданында жер асты суының мұнай өнімдерімен ластану фактілерін анықтағанын айта кеткен жөн.
Министрлік бұл мәселеге қатысты бірнеше іс-шара қолданған.
Бірінші – Көкжиде кен орнына толық барлау бжасалды. Тәулігіне 173,4 мың текше метр жерасты су қоры бекітіліп, Көкжиде кен орнының шекаралары анықталды. Екінші – жер қойнауын пайдаланушылардың ведомстволық желісінің ұңғымалары бойынша сынамалар мен талдаулар алынып, қоспалардың бар екені анықталды. Алайда, мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асуы анықталмады – дейді министр.
Қазақ жерінің асты да – байлық, үсті де – байлық дегенді жиі айтамыз. Бірақ ұланғайыр дала құрғақшылықтан қаталап жатқалы бірнеше жылдың жүзі болды. Су тапшылығы – сұрапыл тапшылыққа айналмасын деп тілейік!