Жолдау және салық. Халық салық төлейтінін біледі, қайда жұмсалатынынан хабарсыз

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында елдегі салық жүйесін реформалауды, жаңа салық кодексін дайындауды айрықша атап өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты – деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Бұдан асырып не айтуға болады? Ел экономикасының негізгі драйверіне берілген шынайы баға әрі толық, әрі нақты анықтама осы.

Біздің қоғам әлдебір келеңсіздік болса, аяқталмаған құрылыс, жөнсіз жоба, бекер рәсуә болған қаржыны көрсе, «біздің салықтан түскен ақшамызды желге ұшырып...» деп әңгіме айтады. Расында солай шығар, бірақ өз салығынан қанша қаржы жұмсалып, қанша қаржы желге ұшып жатқанын тап басып айтып беретін қарапайым қазақ аз.

Ал бұған дейін жазған геология саласы секілді, елдегі екі есеп, бір қисапқа жүйір жандар болмаса, алдындағы бес ешкісінен қанша литр сүт шығатынын, оны қаншаға сатып, қаншасын салық ретінде төлейтінін біле бермейтін, білуді аса қажет деп санамайтын қарапайым жандар үшін салық саласы да «үй сыртындағы» әңгіме.

Цифрлы салық

... Жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек – деді мемлекет басшысы Жолдауда. 

Ендеше салық саласын цифрлауға назар аударып көрейікші.

Салық төлеу қызметінде «E-Salyq» деп аталатын мобильді қосымша бар. Сіздің салық төлеуіңіз үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Олай дейтініміз осы қосымшаның өзі екі түрлі бағытта жұмыс істейді.

Егер сіз жеке азамат болсаңыз, яғни ешқандай кәсіппен айналыспайтын, қарапайым еңбек адамы болсаңыз «E-Salyq Azamat» қосымшасы сізге арналған деп түсінсеңіз болды. Қазіргі таңда бұл қосымшаны тура сіз бен біз секілді 1,5 млн азамат пайдаланып жүр.

Дәл осы қосымша арқылы сіз мүлік, жер, көлік қатарлы өзіңізге тиесілі меншік заттарыңыздың салығын төлей аласыз.

«E-Salyq Azamat» қосымшасы арқылы биыл жалпыға бірдей декларациялау аясында 580 мыңға жуық декларация табыс етілсе, 200 млн теңгеден астам салық пен төлем төленген. Қосымшадағы қызмет сапасын жақсартып, тұтынушыға, яғни салық төлеушіге тиімділігін арттыру үшін алдағы уақытта тағы бірнеше функция қосу жоспарланып отыр. Олар: чек бермегені немесе банк картасын қабылдаудан бас тартқаны үшін шағым жасау функциясы. Осы орайда «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясын еске алсаңыз болады. Екіншісі – жеке шоттарды қарау, сонымен қатар жолаушылардың кедендік декларациясын ұсыну және т.б.

Егер сіз жеке кәсіппен айналысатын немесе шағын кәсіпкер болсаңыз, сіз үшін «E-Salyq Вusiness» мобильді қосымшасы дайын. Қазіргі таңда дәл сіз секілді 439 мың жеке кәсіпкер осы қосымшаны пайдаланып жүр.

Сіз кәсіпкер ретінде бұл қосымшада тіркелудің жеңілдетілген тәртібін таңдап, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге қол жеткізе аласыз. Сонымен қатар БКМ қолданбай чек беруге, фискалдық деректер операторының қызметіне ақы төлеп, әр түрлі анықтамалар ала аласыз.

Ал бұл қосымшаның кәсіпкерлерге тиімдлігін арттыра түсу үшін жеңілдетілген декларацияны (910-нысан) алдын ала толтыру сервисін құру және такси мен жеткізу қызметтері бойынша интернет-платформалармен интеграциялау функцияларын қосу жоспарланып отыр.

Одан бөлек, дәл қазіргі сәтті еңбек қатынастары электрондық форматқа көшіріліп, меморгандар қажетті сервисті ұсынуы тиіс. Себебі, екі жылдық пандемия көрсеткендей, көптеген жеке тұлға Yandex, Glovo, Wolt секілді онлайн платформалар арқылы қызмет көрсетуге көшті.

Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Еңбек министрлігі бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында пилоттық жоба жүргізу мәселесін қарастырып жатыр.

Пилот шеңберінде «E-salyq Business» мобильдік қосымшасында ЖК ретінде жеңілдетілген тіркеуден өту кезінде салықты интернет-платформа ұстайтын болады. Пилот табысты аяқталған жағдайда, оны заңнамалық норма ретінде енгізуге мүмкіндік болады. 

Сіз салық төлеуші ретінде салығыңызды жәй тәсілмен өз бетінше Е-Salyq Azamat-та немесе интернет-платформа операторы арқылы автоматты түрде төлей аласыз.

Кедендік декларация және салық

Қазақта «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» деген сөз бар. Сіз де ойлап отырған боларсыз, салыққа кеденнің қандай қатысы бар деп. Басында біз де солай ойлағанбыз.

Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты. Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау маңызды – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Енді түсінген боларсыз, кеден мен салықтың синтезін.

қаржы министрлігі кедендік декларациялауды цифрландыруға қатысты біршама жұмыс істеді. Нақты осы салада «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі өз тиімділігін көрсетті. Кедендік декларациялардың 100%-ы электронды түрде шығарылады. Оның ішінде 82%-ына 1 минутта қол жеткізуге болады.

Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бір терезе» порталында кедендік қызметтер мен рұқсат беру құжаттары автоматтандырылды. Қызмет көрсетудің орташа уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды. Осы жұмыстардың нәтижесінде бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар жасауға, жаңа сандық өнімдерді енгізуге және бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Тексерушілердің тым көптігі. Олардың теріс әсер еткені белгілі. Сондықтан, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет. Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс – деген еді Тоқаев.

Салаға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін салық және кедендік ақпараттық жүйені толықтай ықпалдастыру 2023 жылы шілдеде аяқталады. 

Қазіргі уақытта екі ақпараттық жүйені – Салықтық әкімшілендірудің бірыңғай жүйесін және интеграцияланған деректер базасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ескірген 7 жүйені ауыстырып, бірыңғай деректер базасын құру жоспарланып отыр.

Салық және кеден жүйелері арасындағы қолданыстағы интеграциялар жаңа ақпараттық жүйелерге өтеді. Жалпы, жаңа ақпараттық жүйе енгізу – қолда бар инфрақұрылымды дамытуға, жоғары жүктемелер кезінде жүйе жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және пайдаланушылар санын барынша арттыруға мүмкіндік береді – делінген министрлік мәліметінде.

Ал кеденнен өткен кездегі инспекциялық-жете тексеріп қарау кешендерінің рентген-суреттерін, кедендік декларациялардың сипаттамалық бөлігін талдау үшін жасанды зерде қолдану жоспарланып отыр. Бұл шешім қабылдау кезіндегі адами факторды азайтуы мүмкін.

Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында да атап өткенін мақаламыздың басында келтірдік.

Бұдан басқа, ҚТЖ-мен және басқа тасымалдаушылармен ақпарат алмасу жолға қойылған. Көрші елдермен алдын ала ақпарат алмасу жүзеге асырылып жатыр. Статистиканы үнемі салыстырып тексеру жүргізіледі. Импорттаушы немесе транзиттеуші шекараға жақындағанда – маман оның қандай тауарды алып жүргенін, оны кімнен сатып алғанын, тауардың құны қандай екенін көріп отырады. Бұл мемлекеттік орган қатысуының тиімділігін көрсетеді – дейді Қаржы министрлігі.

Кәсіпкер және салық

Өз Жолдауында салық саласындағы олқылықтар мен нақты бағыттарды саралап берген Мемлекет басшысы «Алтыншы. Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау» мәселесін алға тартқан болатын.

Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал бұл саланы әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру үшін бүгінгі күні мемлекеттің кәсіпкерлермен өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу мәселесі жедел қарастырылып жатыр. Егер бұл мәселе шешілетін болса, API арқылы көрсетілетін қызметтер кеңейіп, аутсорсингке беру (банктер, мемлекеттік емес қаржы секторы, Азаматтарға арналған үкімет) мен PUSH салық туралы хабарламасы, 1 рет басып, салықты есептен шығару, алдын ала толтыру және автоматты декларациялау қатарлы функциялар жүзеге асар еді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер мен бухгалтерлер құжат айналымына, мемлекеттік органдармен түрлі есептер мен дауларға уақытын құртпай, одан үнемдеген уақытын дамуға жұмсайтын болады.

Тоғызыншы. Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық – деген еді Президент Жолдауда.

Қашықтан бақыланатын салық

Қолда бар жүйелерді автоматтандыруды ескере отырып (ЭШФ және ТБЖ) камералдық бақылау, оның ішінде салық төлеушілерді бөлектеу және ҚҚС қайтару бойынша тәсілдер өзгереді.

Қаржы министрлігі сервиске бағытталған орган және әкімшілендірудің ең қарапайым рәсімдерін, салық міндеттемелерін орындаудың түсінікті үдерістерін жасауға тырысып отыр.

Жаңа Салық кодексінің аясында экспорттаушылардың барлық санаты үшін тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) бойынша тексеру жүргізбестен ҚҚС қайтару тәсілдері қайта қаралатын болады.

Салық есептілігін толтыру кезінде салық төлеушіге қолда бар деректер негізінде есептелген кірістер мен шығыстар сомасын таңдаудың баламалы нұсқасы ұсынылатын болады. Бұл есептерді тапсыру кезінде арифметикалық қателерді болдырмайды. Қашықтықтан өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік беретін көлденең мониторинг сияқты цифрлық шешімдерге көшеміз – дейді министрлік.

Қашықтықтан өзара іс-қимыл жасау салық тәуекелдерін (өсімпұл мен айыппұл) айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ салықтық тексеру қорытындылары бойынша ұзаққа созылған дауларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні 6 субъект бойынша, жалпы сомасы 62 млрд теңге салық мәселелері сотқа жетпей реттелді. Бұл шамамен 40 млрд теңге айыппұлды үнемдеуге мүмкіндік берген.

Жаңа Салық кодексі

Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс... Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет – деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында арнайы құрылған жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеуге кірісіп кеткен. Ел ішіндегі салық мәселелерін, оны шешу жолдарын әзірлеу үшін Қаржы министрлігі бизнеспен және халықпен тығыз жұмыс істеуге дайын.

Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс – деді Тоқаев.

Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, министрлік ҰЭМ-ге тиісті ұсыныстарды жолдаған.

Олардың қатарында:

- экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемесіне көшу;

- салық төлеуден жалтаруды барынша азайту үшін салық режимін жеңілдету;

- салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдардың әдейі бөлшектенуіне жол бермеу;

- теңдестік ставкілермен және қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту;

- «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыру бар.

2030 жылға дейін жаңа Салық кодексінің негізіне жататын жаңа салық саясаты жөніндегі тұжырымдаманың жобасы қалыптастырылатын болады.

Халық үшін өзі салық ретінде өзі төлеген әрбір тиынның қайда жұмсалғанын білу маңызды. 2023 жылы жаңа Салық кодексі дайындалатын болса, қарапайым азамат бұл мүмкіндікті пайдалана алады деген сенімдеміз. Яғни өз салығы өзіне жұмыс істеп жатқанын білген адам әркез белсенді болары сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы