Жолдау және геология. Халық жердің кеңдігін біледі, байлығынан хабарсыз
Еліміздің геология саласы былайғы жұрт үшін тым жабық тақырып. Ұланғайыр жерімізде Менделеев кестесіндегі қазба байлықтың бәрі бар дегенді ғана біледі, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Ал осы иен даладағы иен-тегін байлыққа иелік етіп отырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі не істеп жатыр, елдегі пайдалы қазбалар дұрыс пайдаланылып жатыр ма деген сұрақтар төңірегінде талдау жасап көрсек.
Әңгімемізге кіріспес бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған осы салаға қатысты сөзіне назар аударайық.
Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын – деді Тоқаев.
Қош.
Әлемде 9-орын аламыз деп күпінгенде бөркіміз қазандай болады ғой, ал сол далиған далада қандай қазба байлығымыз бар дегенге бір тоқталайықшы.
Қандай қазба байлығымыз бар?
Министрліктің дерегінше, мемлекетке мәлім пайдалы қазбалар теңгерімінде 8 мыңнан астам кен орны бары айтылады.
Оның ішінде:
Мұнай-газ – 317 (мұнай, газ, конденсат);
Қатты пайдалы қазбалар – 910,
Кең таралған пайдалы қазбалар (ҚТПҚ) – 3,0 мыңнан астам;
Жер асты су көзі – 4 мыңға жуық.
Ал енді осы бар байлықтың көлемі қанша дегенді де анықтап көрейік. Мұнда да министрлік мәліметіне жүгінеміз.
А+В+С1+С2 санаттары бойынша мұнайдың баланстық қоры – 4,4 млрд тонна;
Газ – 3,8 трлн текше метр;
Конденсат – 420,5 млн тонна.
Осы жерде көмірсутек шикізаты қорының басым бөлігі Атырау (75%) мен Маңғыстау (11%) облыстарында екенін айта кеткен абзал. Оның 70%-ға жуығы ең ірі үш кен орынына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тиесілі. Бұл – мұнайға байланысты дерек.
Ал ежелден Кенді Алтай атанған Шығыс Қазақстан облысының өңірі қатты пайдалы қазбалардың отаны. Сол шығыста өңір экономикасына оң әсер беретін бірнеше кен орны ашылады жақын жылдары. Нақтырақ айтсақ 2025-2040 жылдар аралығында Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольное қатарлы ірі кен орындары игеріледі деген болжам бар.
Анықталған пайдалы қазба түрлері қорының көптігі бойынша еліміз әлемнің жетекші мемлекеттерінің алғашқы ондығына кіреді. Мысалы біздің ел хром бойынша – 1 орын, вольфрам бойынша – 2 орын, мырыш, қорғасын бойынша – 3, 4-орын, мыс бойынша – 6 орында.
Пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатер – қорды толықтыру деңгейінің төмендігі. Өндірудің қазіргі деңгейін алатын болсақ, тиісті толықтырусыз игерілетін көптеген кен орынының қоры таяу болашақта таусылады. Осыған байланысты, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтау бойынша негізгі әдістердің бірі – дейді министр Серікқали Брекешев.
Барлаудың бағасы қанша?
Бір қызығы соңғы екі жылда, яғни 2020-2022 жылдары бұл саладағы мемлекеттік салым көлемі 30 млрд теңгеге жеткен. Бұл соңғы жылдары мемлекеттік инвестиция көлемінің ұлғайғанын көрсетеді.
Соған қарамастан елімізде геологиялық барлауға құйылатын мемлекеттік инвестицияның аз екені, 1 шаршы километрге төмен екенін байқауға болады. Мысалы біздің елде ол 11 доллар болса, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан жұмыстардың ерте сатыларын жүргізген немесе жүргізу үстіндегі елдерде кен орындарын барлауға салып отыр – дейді министр.
Біз мақаламыздың басында атап өткеніміздей, геология саласын дамыту мақсатында Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткен тапсырмаларды орындау үшін министрлік салада бірнеше негізгі міндетті атқаруды қолға алмақшы.
Бірінші. Геологиялық зерделеуді арттырып, перспективалы учаскелерді анықтау.
Екінші. Аталған міндеттер бойынша жұмыс «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» Ұлттық жобасының «Геология саласын дамыту» бағытындағы іс-шараларды іске асыру аясында жүргізіледі.
Үшінші. Өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру.
Төртінші. Геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіру.
Біз геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірледік және онда жоғарыда аталған мәселелердің шешімі көрініс тапты. Қазақстанда жаңа кен орындарын ашуда айтарлықтай даму бар. Геологтармен көмірсутектер бөлігінде шамамен 76 млрд тонна шартты отынның болжамды ресурстары және әртүрлі дәрежеде зерттелген 15 шөгінді бассейн бөлінеді – деді Серікқали Брекешев.
Жаңа кен орындары ашыла ма?
Жоғарыда атап өткеніміздей, елдегі мұнай-газ өндірісінің игерілген өнімі негізінен 5 бассейнге тиесілі. Оның ішінде әсіресе ең ірісі Каспий маңы екені белгілі. Бұл өңірде елдегі мұнайдың ресурстық базасының шамамен 80 пайызы тиесілі.
Ал орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерде алтын мен мыс рудасы өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Вольфрамның, молибденнің, алюминийдің, қалайының, сондай-ақ сирек металдардың жаңа кен орындарын ашудың да барлық шарты толық.
Ұлттық жоба аясында мемлекеттік бюджет есебінен жер қойнауын геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік және терең геологиялық карта жасау жүргізіледі. 2026 жылға қарай зерттеулердің жалпы ауданы 680 мың шаршы километр болады. Бұл ел аумағын 2,2 млн шаршы километрге дейін геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтуға мүмкіндік береді – дейді министр.
Сонымен қатар министрлік Қызылорда облысындағы жағдайды ескеріп, Арал бассейнінің шикізат әлеуетін, Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай және Сырдарияның аз зерттелген бассейндерін зерттеуге арналған жобалар әзірленіп жатқанын айтады.
Ал Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қаламаңы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін, негізгі экономикасы тау-кен металлургия кешенінен тұратын Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларына жақын орналасқан 7 учаскеде щерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар, қазіргі әлемдік нарық тенденцияларын, сирек кездесетін металдарға, литийге сұраныстың артуын ескере отырып, шикізаттың осы түрлері бар-ау деген учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылып отыр.
Министрлік мәліметіне қарағанда, биыл мұндай мүмкіндігі бар Қара-Аяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Одан басқа 12 учаскеде сирек кездесетін металдарды анықтау бойынша жұмысты бастау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Ұлттық жобалар – ұтымды бола ала ма?
Тікелей Президент ттапсырмасымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі геология саласын дамытуға қатысты Ұлттық жобаны қолға алып жатқанын мақаламызда айттық. Министрлік мәліметінше одан бөлек Каспий маңы ойпатын терең зерттеу мақсатында «Еуразия» жобасы бойынша жұмыс басталған. Өткен жылы жобаның 1-кезеңін жүзеге асыру жұмыстары жүргізілген. Ол геологиялық-геофизикалық материалдарды заманауи технологиялар бойынша талдауды, жинақтауды және қайта түсіндіруді қамтыған. Ал жобаның ІІ-ІІІ кезеңдерін іске асыру инвестицияға тәуелді болып тұр.
Зерттеу нәтижелері бойынша жеке инвестициялар есебінен тереңдігі 10-15 км-ға дейінгі ұңғымаларды бұрғылауға болады. Бұл геологиялық қиманы зерттеуге және көмірсутектерді іздеуге қатысты бассейннің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет терең көкжиектер мен аса терең бұрғылауға геологиялық-геофизикалық зерттеулердің деректер банкін құратын болады және мұнай мен газдың ірі кен орындарын ашу мүмкіндігіне ие болады – дейді Серікқали Брекешев.
Жер қойнауын игеруді мемлекеттік реттеу саласындағы әлемдік тәжірибені талдау – Австралия, АҚШ (USGS), Ұлыбритания, Канада, Корея және т.б. қатарлы жетекші елдерде Ұлттық геологиялық қызметтер құрылғанын, олардың табысты жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Ал геологиялық қызметтердің негізгі міндеті – геологиялық ақпаратты жинау, талдау және ұсыну. Сондай-ақ жүйелі геологиялық зерттеулер жасап, геологиялық қамту карталарын жасау болмақ.
Тұтастай алғанда, Қызмет геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізу, Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкін пайдалану, геологиялық ақпаратты қорыту, жүйелеу және талдау арқылы инвесторларға кешенді сервистік қолдау болып отыр. Ұлттық геологиялық қызметті құру барысында қорлар қоймасын, 2 керн қоймасын салу, 4 керн қоймасын жөндеу, жаңғырту және деректерді өңдеу орталығын құру жоспарланған – дейді сала басшысы.
Министрдің сөзіне сенсек, геологиялық қызмет құрылса, мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 100% пайызға жетеді.
Министрлік геологиялық барлауға инвестиция салудың тартымдылығын жақсарту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуді жоспарлаған.
Бірінші – аз зерттелген шөгінді бассейндердегі жер қойнауын геологиялық зерттеу туралы келісімді бекіту.
Келісім бекітілсе, зертеу барысында мұнай шикізаты анықталған жағдайда, жетілдірілген модельдік келісімшарт аясында жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңінен барлау және өндіру кезеңіне кепілді өту мүмкіндігі берілетін болады.
Бұл тәсіл жаңа құрал саналатын аз зерттелген аумақтарда жер қойнауының мұнай-газ перспективаларын геологиялық зерделеуге лицензия енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл инвестицияның құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инвесторларға Жетілдірілген модельдік келісімшартта көрсетілетін белгілі бір салықтық және басқа да преференцияларды алуға мүмкіндік береді. Жер қойнауы туралы Кодекске өзгерістер енгізу бөлігінде заң жобасы аясында тиісті түзетулер әзірленіп, Энергетика министрлігіне жолданды – дейді Серікқали Брекешев.
Жаңа заң жобасы пайдалы қазбаның пайдасына жарай ма?
Екінші – жер қойнауын геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін геология саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Біздің білуімізше, өз өңіріндегі кен орындарына, пайдалы қазбаларға, жер асты суына сол өңірдің әкімшілігі аса қатты бас ауырта қоймайды. Оның мысалы көп. Бір ғана Қалжыр өзенінің тарихы айқын дәлел. Дегенмен бұл ретте ждергілікті билікті де кінәлай алмайсың, себебі кен орындарын игеретіндердің барлығы кез келгенді жел жағынан жүргізбейтін алпауыттар. Мондай жағдайда айтқаны ауыл халқына өтпейтін жергілікті атқамінерлер алпауыттардың ық жағымен өтуге тырысады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен әкімшілік рәсімдерді қысқартатын және геологиялық барлау жұмыстарына қаржы тарту үшін инвестициялық ахуалды жақсартатын заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр. Сенаттың ұсынысы бойынша Энергетика министрлігімен бірлесіп, мұнай-газ саласындағы келісімшарттардың қолданылу мерзімін ұзартуды жеңілдету және тақтатасты мұнайын дәстүрлі емес коллекторларға жатқызу бойынша заңнамалық түзетулер қарастырылып жатыр – дейді министр.
Геология және ғылым
Жаңа кен орындарын ашу жылдан-жылға күрделеніп, бағасы да өсіп барады. Минералды-шикізат базасын нығайтуда геология ғылымы үлкен рөл атқарады. Оның озық дамуы кен орындарын ашудың болжамды қорын негіздеуге қабілетті.
Осыған байланысты, алдағы 5 жылда бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында тереңдегі қазба байлықты болжау және ғылымның қазіргі заманғы жетістіктері базасында жаңа кен орындарын ашу үшін ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Биыл Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты, ШҚМТУ мен У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты қатарлы үш білім ордасы бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 3 жобасын жүзеге асырады.
Осы орайда бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары қандай екеніне тоқталсақ. Біріншісі - перспективалы пайдалы қазба кен орындарын анықтауға Қазақстан құрылымдарының инвестициялық тартымдылығын ғылыми бағалау; екіншісі - Қазақстанның термоминералды және өнеркәсіптік жерасты суының минералдық-шикізаттық және емдеу-сауықтыру әлеуетін кешенді игеру; үшіншісі - рудалардың микро және наноминералдық компоненттері – оларды игеру технологияларын әзірлеу үшін Қазақстанның пайдалы қазбалар қорын толықтыру.
Процестерді цифрландыру және автоматтандыру аясында «Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құрып, енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
Цифрлық даму, экология, геология және табиғи ресурстар, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерді (ҰДБ АЖ, ТЖҚ ГАЖ, БМБЖ АЖ) біріктіру және көшіру арқылы «Kaznedra» бірыңғай платформасын құру бойынша жұмысты бастады. Бірыңғай платформа барлық процестер мен қызметтерді бірыңғай терезеде шоғырландыру арқылы инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсетуге ықпал ететін болады – дейді министр.
Мақаламыздың басында атап өткеніміздей, жер қойнауын игеру саласы еліміз үшін күңгір салалардың бірі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері негізінде азын-аулақ түсіндіру жұмыстарын жасауға тырыстық. Дегенмен, осы ұланғайыр даланы иеленіп отырған ел, оның астындағы байлыққа да ие екенін естен шығармаған абзал. Қазақ даласының байлығы қазаққа ғана керек, қазақтан ғана сұралады.