Жолдаудағы реформалар Қазақстанның саяси саласындағы өзгерістерге жол ашады – доктор Саллис
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ТМД Бірлескен сауда палатасының басқарушы директоры, доктор Дорит Саллис мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауына қатысты пікір білдірді.
Дорит Саллистің айтуынша, Қазақстан президенті өзінің халыққа Жолдауында ұсынған реформалары қазақ елінің әлеуметтік және саяси салаларында айтарлықтай өзгерістер әкеледі.
«Президент Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында ұсынған ішкі реформалар Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларында айтарлықтай өзгерістерге жол ашадыИнфрақұрылымның, энергетика мен ауыл шаруашылығының негізгі секторларындағы реформалардан бастап, білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үйді жақсартуға дейін; өңірлерді дамыту мен ШОБ қолдауынан бастап көппартиялы жүйені нығайтуға дейін, барлық осы реформалар Қазақстан азаматтарының ұзақмерзімді гүлденуі мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін қоғамдағы өсуін және алға жылжуын көрсетеді», - деді ТМД Бірлескен сауда палатасының басқарушы директоры Дорит Саллис.
Ол мемлекет басшысы айқындаған сыртқы саяси басымдықтар да маңызды екенін айтты.
«Бұл Қазақстанға әлемдік экономикалық ірі мемлекеттердің арасында алатын орнын қамтамасыз етеді. Экономиканың әртараптандырылған салаларындағы оңтайлы реттеу құрылымдары арқылы елге тікелей шетелдік инвестицияларды тарту саясаты, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ұсынатын жан-жақты қаржы ресурстарының болуы шетелдік компаниялардың Қазақстанға өте перспективалы инвестициялық аймақ ретінде сенімін арттыруға ықпал етеді», - деді доктор Дорит Саллис.
Дорит Салис президенттің Жолдауға енгізген ішкі және сыртқы саяси реформалардың үйлесуі Қазақстанның қазіргі және таяу жылдардағы өсуі мен өркендеуіне негіз қалайтыны сөзсіз екенін атап өтті.