Жолдау-2022. Мемлекет дамуының саяси моделін қайта құру ұсынылды – саясаткер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өз жолдауын жариялады. Осыған орай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Бағыш Габдулина пікір білдірді.
Бүгінгі Жолдау Қазақстанның саяси тарихындағы ерекше құжат болмақ. Қоғам түгелдей дерлік аталған Жолдауды күткені мәлім, соған орай биылғы Жолдауда маңызды ұсыныстар айтылды. Айталық, қоғамда қордаланған мәселелерді шешудің тетігі ретінде мемлекетті саяси реформалау, мемлекет дамуының саяси моделін қайта құру ұсынылды. Соның ішіндегі біздің тарапымыздан атап өтеріміз – қоғамды демократияландырудың тетігі ретінде - тепе-теңдік пен тежемелік принциптерін қамтамасыз ету негізге алынған, - деді Бағыш Габдулина.
Ол атап өткендей, суперпрезиденттік басқару формасынан президенттік республикаға, күшейтілген парламенттік моделіне өту ұсынылды.
Мемлекеттің ұзақ мерзімді даму Стратегиясын мақсат тұтқан мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев президенттің міндеттерін заңнамалық тұрғыдан бекітіп, саяси партия мүшесі болуын тоқтатуды ұсынды. Бұл ұсыныс елдегі барлық саяси партияларға бірдей жағдай жасап, зады саяси бәсекелестікке негіз болып, сондай-ақ, демократиялық принциптердің толыққанды жүзеге асуына мұрындық болады, - деп айтты профессор.
Бағыш Габдулина демократиялық принциптерді жүзеге асырудың тетігі ретінде Мемлекет басшысының жақын туыстарының саяси билікке, квазимемлекеттік секторғақызметке тұруына жол бермеу, бұл ұсыныстың астарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің, мемлекеттік биліктің транспаренттілігін, меритократия принциптерін қамтамасыз ету тетігі қарастырылғанын атап өтті.
Жолдауда басқа да керемет тың ұсыныстар айтылды. Ендігі мәселе – Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалауды толыққанды жүзеге асыру арқылы, Елімізді дамудың жаңа сатысына көтеру. Жаңа Қазақстан құру үшін әрбіреуіміздің саяси ерік жігерімізді соған сәйкесінше жұмылдыру қажет демекпіз, - деп айтты ол.