Жолдау-2021 – ауқымды бағдарламалық құжат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Ерлан Қарин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттер туралы сараптамалық пікірімен бөлісті.

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Үшінші рет Президент оны кезекті Парламент сессиясының ашылуында жасауы жаңа саяси дәстүрге айналып отыр. Бұл мемлекеттік органдар үшін қолайлы, себебі Жолдаудың басым тұстарын бюджетті жоспарлау мен заң шығару жұмыстарының жоспарында ескеруге мүмкіндік береді, - деді Президенттің көмекшісі.

Сондай-ақ саясаттанушы бүгінгі Жолдау мемлекет дамуының барлық негізгі бағытын қамтығанын алға тартты.

Мемлекеттік аппараттың алдында жер қойнауын тиімді пайдалану, әрі қарай жекешелендіру, АӨК проблемаларын шешу, экономика мен мемлекеттік секторды цифрландыру процесін сапалы ретке келтіру міндеттері қойылып отыр. Денсаулық сақтау мен білім беру саласына да ерекше назар аударылды. Президент азаматтардың жаппай вакцинациялануын жалғастырудың өмірлік қажеттілігі мен екпеге қарсы идеялардың аса қауіптілігін тағы бір мәрте атап өтті. Білім беру саласында 2025 жылға дейін мыңдаған жаңа мектеп салу арқылы оқушыларға орын тапшылығын төмендету міндеті қойылды, - деді Ерлан Қарин.

Одан басқа, Үкіметке қашықтан оқыту түрін дамытып, жетекші ғалымдарды лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету тапсырылған.

Өңірлерді дамытуда Президент ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырудың басталғандығы туралы айтты. Атап айтқанда, газ құбыры, су қоймалары мен су арналарының құрылысы мен қайта жөнделуі қолға алынады, - деп атап өтті белгілі идеолог.

Сонымен қатар саясаттанушы Мемлекет басшысы алға қойған жаңа міндеттер мен тапсырмаларды орындау үшін мемлекеттік аппарат пен қоғам бірлесіп әрекет етулері тиіс деп есептейді.

Жолдау-2021 – бұл ұзақмерзімді мақсаттар мен ағымдағы кезеңдегі басымдықтар көрініс тапқан ауқымды бағдарламалық құжат, - деді Ерлан Қарин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы