Жолдау-2021: Президент Әскери докторинаны қайта қарауды тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Жолдауына қатысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев өз ойымен бөлісті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен Әскери доктринасын қайта қарауды тапсырды. Қарулы Күштер сырттан төнетін қауіп-қатерлерге әрқашан әзір болуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік аппаратта осыған қатысты іс-қимылдың пысықталған жоспары болуы шарт – дейді Серік Борамбаев.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдайда Қарулы Күштер әрдайым соңғы қолдану құралы болатыны белгілі.
Сондықтан сырттан төнетін қауіпті модельдеу кезінде біз оқиғаларды дамытудың барынша жағымсыз нұсқаларының сценарийлерін пысықтаймыз. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жаңа өңірлік және жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің орын алуын ескеріп, ведомствоаралық тәсілді қолдану өзекті болып отыр – дейді ол.
Қорғаныс министрлігі барлық мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасау арқылы, әскери қатерлердің өршуі және соғыс жағдайы енгізілген кезде, мемлекет қызметін жоспарлауды жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу жоспарланып отыр. Жағдайдың кенеттен өзгеруіне қатысты мәселелер де пысықталады. Бұл ретте Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қауіп-қатерлер де негізге алынады. Жаңа Әскери доктринада бюджеттің мүмкіндіктері мен отандық экономиканың әлеуетіне төнуі мүмкін қатерлер ескеріледі. Осыларға сүйеніп, жалпы мемлекеттік қорғаныс саясатының нақты саяси бағдарлары қалыптасады – дейді генерал-майор.