Жолдарға жиналып қалған су сору жұмыстарына 85 адам атсалысуда

Ертіс өңірінде қар суын сору жұмыстары күшейтілді. Қазір Павлодар, Ақсу қалалары мен кей аудандағы жолдар мен көшелер судан тазартылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, сору жұмыстары демалыс күндері басталып, әлі күнге дейін жалғасуда. Қазір 40 мамандандырылған техника жұмылдырылған.

Осы күнге дейін сорылған еріген қар суының мөлшері 10 мың текше метрге жетті. Ақсу қаласында Бөкейханов көшесінде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Курчатов» бағытындағы жолдың 129-шақырымын су басып кетпес үшін трассаның бойына инертті материал толтырырылған қапшық төсеу жұмыстары жалғасуда. Қазір бұл жұмысқа 44 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар 100-ге жуық адам атсалысуда, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Евгения Мягченко.

Салалық мекеме өкілдерінің хабарлауынша, қарғын судан зақым келген ғимараттар жоқ. Дегенмен, су жайылып кеткен жолдар баршылық. Көшелерге жиналған су шұғыл түрде сорылып жатыр.

Айта кетейік, биыл өңірде қыста қар көп түсті. Салдарынан қар суы басуы ықтимал елді мекендердің саны артты. Көктемде төтенше жағдайлар департаменті 65 ауылда ерекше бақылауға алды. Қызметкерлер топырақтағы ылғал, тоңның қалыңдығын есепке алды. 

Мамандардың мәліметінше, ойпатты аумақта орналасқан ауылдардың 10 мың халқы бар. Көктемгі су тасқынын алдын алуға дайындық шеңберінде жеті ауданда орналасқан ауылдардан 1 млн текше метр қар сыртқа шығарылды. Қазір төтенше жағдай салдарын жою бойынша күш құрылымы мен техника құралдары дайын. Сонымен қатар екі мыңға жуық жеке құрам мамандары сақадай сай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы