Шығыста «Жолда қабылдау» акциясы басталды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде респбуликалық «Жолда қабылдау» акциясы өткізілуде. Акцияға Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау, әділет органдары мен «Nur Otan» партиясы бір кісідей жұмылды.
«Таңертеңнен басталған акцияға келушілердің көпшілігі түрлі мәселелерге құқықтық көмек алуды мақсат тұтқандар. Шара барысында полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне шағымданған кейбір жүгінушілеріміз өз міндеттері мен құқықтарын толық білмеуінен бұл мәселенің туындағанын түсініп тарасты. Өз басына қатысты ғана сұрақтармен емес, сондай-ақ көпшілікке ортақ мәселелерді де айтып келіп жатқандар қатары аз емес. Мысалы, олардың бірі көшелерде орнатылған түсініксіз жол белгілеріне, енді бірі аулалардағы қозғалыс қауіпсіздігін қаматамасыз етуге қатысты мәселелер бойынша жүгінуде», - деді Өскемен қалалық Полиция басқармасы Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Сергей Коваленко.
Жалпы, екі күнге созылатын акция барысында Полиция және Әділет депаратменттерінің қызметкерлері мен «Nur Otan» партиясының өкілдері өңір тұрғындарының басын ауыртып, балтырын сыздатқан сауалдарына толыққанды жауап бермек.
«Бүгінгі акция Өскемен қаласының Достық үйінің және Өскемен вокзалының алдындағы алаңқайларда ұйымдастырылып жатыр. Таңертеңнен бері біршама тұрғын көкейлерін кескен сұрақтармен жүгініп келді. Қазіргі уақытта олардың барлығына құқықтық көмек беріліп, кеңестер жүргізілді. Жалпы, «Nur Otan» партиясы бүгінгі келіп түскен сұрақтардың барлығын назарға алып, олар нақты шешімін тапқанша қадағалайтын болады», - деді «Nur Otan» партиясы ШҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жансая Қаныбекова.
Жансая Қаныбекованың айтуынша, «Nur Otan» партиясы аталмыш акциядан бөлек әр дүйсенбі сайын өз ғимаратында тұрғындарға қабылдау жүргізіп, өзекті сауалдарына жауап беретін көрінеді. Арнайы шақырылған заңгерлер мен адвокаттар «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінде өңір тұрғындарына құқықтық көмек көрсетеді.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «Жолда қабылдау» акциясы басталды. Біздің облысымызда бұл акция барлық 19 аудан, қалада ұйымдастырылды. Акция екі күнді, яғни 5-6 сәуір күндері аралығын қамтиды. Облыс орталығындағы шара ертең «Арзан» гипермаркеті мен ЖМК шағын ауданындағы «Достық» сауда үйінің алдында жалғасын таппақ. Осы екі күн ішінде өңір тұрғындары полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері, жол жүрісі қағидаларына, тіркеу-емтихан, жүргізуші куәлігін алу, көші-қон, мүлікті тіркеу мәселелеріне қатысты сауалдарын қоя алады», - деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы, полиция майоры Айгүл Белгібаева.
Аталған шара барысында әр тұрғынның Жергілікті, сондай-ақ Әкімшілік, Көші-қон полициясы басқармаларының басшыларына тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік ала алатынын алға тартқан жауапты тұлға бүгінгі акцияға келушілердің қатары көп екенін айтады.
«Тұрғындардың құқықтық білімін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын осындай акциялар бізде ұдайы түрде өткізіліп тұрады. Таңертеңнен келіп жатқан тұрғындардың бірқатары сот актілерінің орындалуына, заңды тұлғаның тіркелуіне және таратылуына қатысты сұрақтармен жүгінген адамдар. Осы себепті біз бүгін бұл шараға сот орындаушыларын қатыстырып отырмыз», - деді ШҚО Әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы Сержан Мұхамеджанов.