Жолда «көлігіммен біраз жерге жетіп ал, ешкімге айтпаймыз» дегендер де болды – әскери марафоншы

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Қарулы күштері 30 жылдың бедерінде әскери-тактикалық әлеуеті жоғары, құрылымдары жетілдірілген қуатты күшке айналды.

Бұл – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бастығы, майор Олжас Тойшыбаевтың пікірі. Ол 24 сәуір күні Атыраудан Алматыға дейінгі 3 000 шақырымды еңсеруді көздеп, волосипетпен жолға шыққан еді. Бүгін Тараз қаласынан өтті.  Он алты күн бойы дамылсыз жол жүріп отырған марафоншыны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизоны әскерилері жолдан тосып, кейін сәт сапар тілеп шығарып салды. 

Еліміз тәуелсіздігін алған кезеңнен күні бүгінге дейін бірде-бір мемлекетпен қақтығысқан жоқ. Бұл да еліміздің Қарулы Күштерінің беделін айғақтап тұрғандай. Әскери құрылымдардағы сайдың тасындай іріктелген жігіттер жауынгерлік міндетінен бөлек, қоғамдық өмірде де ерлік істерімен көзге түсуде, - деп атап өтті алдымен марафоншы. 

Әскери қызметші еліміздің көрікті, тарих-мәдени мұраға бай өлкелерін аралау әу бастағы арманы екенін алға тартты. Кейінірек оны Атырау мен Алматының арасын велосипедпен жүріп өтсем деген ой мазалайды. Әрі биыл – Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Бұл да Тойшыбаевтың тәуекелге бел бууына ықпал еткен.

Содан не керек, Атырауда қолдап жатқан ағайынның жігерін жықпай, көздеген межені бағындыруға бекіндім. Әрине, өзім әскери қызметте болған соң, жаттығудан қол үзбейтінмін. Алматыда жұмысқа бару үшін велосипедпен күнделікті 34 шақырым жол жүретінмін. Ашығын айту керек, сапарға шыққаннан соң, үш күн қиналдым. Велосипедтен түсіп, жаяу жүрудің өзі мұңға айналды. Алайда, ел тыныштығын күзететін әскерилерге жарты жолдан қайту жарамас деп, межені бағындыратыныма іштей сендім. Өзімді жігерлендіріп, қамшылай бастағаным сол-ақ екен, төртінші күні физикалық және психологиялық жағынан шыңдалып, жол жүру күн тәртібіме ене бастады. Мысалы, алғашқы күндері 80, 140, 180 шақырым жүріп отырсам. Ақтөбеден асқан соң, тәулігіне 200 шықырым жол жүріп өтетін болдым. Қазір ауа райы қолайлы болса, күніне шамамен 250 шақырымды бағындыруға қауқарым жетеді,– Олжас Қайратұлы.

Марафоншы Олжас сапар барысында өлкенің әр қиырындағы қонақжай халықтың пейілі мен ниетіне, ашық-жарқын көңіліне риза болғанын жасырмады. Бұрын-соңды алыс сапарға велоспипедпен шығып көрмеген марафоншы әскерилер қолданатын шатырды, велосипедтің қосалқы бөлшектері мен киім кешектерін түгендегенімен, волосипедін сақадай сайламапты. Мұны ол тек жолға шыққанда түсінген. 

Алғашқы күні мені байқаған үш жүк көлігі тоқтап, жол бойында көрінбей келе жатқанымды айтты. Олар ескертумен шектелмей, жарыққа шағылысатын арнайы көкірекше табыстап, сәт сапар тіледі. Велосипедіме де түнде жарқырап көрінетін жапсырма қағазды мықтап жапсырып берді. Жолаушының қадірін үнемі жолда жүрген азаматтар жақсы түсінетініне сонда көз жетті. Жолай полиция қызметкерлері де қол үшін созып, көмегін аямады. Өздерінің ас-ауқаттарын ұсынып, асты-үстіме түскен ағаларды да жолықтырдық. Ең қызығы, қателеспесем жолда онға жуық жүргізуші «Көлігімде бос орын жеткілікті, жүріңіз, жеткізіп салайын, ешкімге айтпаймыз» деп шыр-пыр болды. Бірақ менде әулегі мақсатымнан тайқитындай еш себеп жоқ еді. Межені бағындыруға бекінген соң, жарты жолда қулыққа бассаң, өзіңді-өзің алдағаның. Ал өзін алдаған адамннан не күтуге болады?, – дейді жігерлі жауынгер. 

Олжас еңбек демалысына шыққан күні Атырау – Алматы арасын бағындыруды ниет етіп, сапарға аттанса, енді екі күнде Алматыға жетіп, 16 мамырда қайта қызметіне кірісетінін айтты.  Батыл жауынгердің азаматтығына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері де таңданып, аз-кем уақыт пікір алмасты. Марафоншы да сапар барысындағы қызықты оқиғаларын әңгімелеуден қашпады. 

Әскери қызметте жүрген соң, түнейтін жер табу алаңдатпады. Жолай шатыр тігіп, кейде кемпингтерде аялдап, тынықтым. Ақтөбеден шығып, Хромтауға жеткенде төпелеп құйған жауынның салдарынан екі күн өзім тіккен шатырдан шықпай жаттым. Атыраудан шыққанда салмағым 80 кило еді. Кеше таразыға тұрсам, 10 кило тастаппын. Күннің ыстығында асқа тәбет бола бермейді екен. Күндіз тек су ішемін. Ең қиын дистанция Түркістан мен Шымкент қалаларының арасы болды. Күннің ыстығы бар, қала берді жел маған қарсы соғып тұрды. 1 мамырда туған күнімді жолда өткізгеніме еш өкінбеймін. Қайта, бұрынғы жиһанкездердің өмірі де қызыққа, шым-шытырық оқиғаларға толы болған екен-ау деген ойда қалдым, – деп ағынан жарылды Олжас.

Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарабұтақ, Ырғыз, Арал, Қызылорда, Түркістан, Шымкенттен асып, Таразға жеткен Олжас Алматыға дейінгі аралықта тағы 500 шақырымды еңсеруді жоспарлап отыр. Қарулы Күштердің қатарында табандылығымен көзге түсіп жүрген Олжас Қайратұлы велосипедпен ұзақ қашықтықты бағындырған әскерилердің арасында көш бастап тұр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы