Қарағандыда жолда қалған 5 адам құтқарылды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында бүгін ауа температурасы 30-35 градусқа дейін төмендеді. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға жолға шықпауға, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Дегенменде, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығып, қауіп-қатерге бас тігетіндер қатары азаймай отыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша Қарағанды облысында 6-7 ақпан күндері қатты аяз күтіледі. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар қызметінің дағдарыс орталығында жедел штаб құрылып, ведомоство күшейтілген жағдайда қызмет атқаруда. Облыстық ТЖД-нің мәліметінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тас жолдардың әр түрлі учаскелерінде қозғалысқа уақытша шектеу қойылған. «Қазгидромет» РМК ақпаратына сәйкес ұялы байланыс операторлары арқылы облыс бойынша 569 мың ұялы байланыс абонентіне ауа-райының қолайсыздығы жайлы SMS хабарлама жіберілді. Сондай-ақ, жергілікті телеарналар мен телерадиокомпаниялардың эфирлік теледидары арқылы, департаменттің интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілерде ескертулер жарияланды. Алайда, құтқарушылардың ескертпесіне құлақ аспағандар да бар.
«5 ақпанда республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Петропавл» және «Алматы-Екатеринбор» автожолдарының учаскелерінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылған болатын. Дегенменде, өткен түнде Бұқар жырау ауданы Ақтау кентінен 8 шақырым жерде «Газель» маркалы автокөлік бұзылып, жолда қалған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен 1 адам құтқарылып, Теміртау қаласына жеткізілді. Сондай-ақ, 19: 24-те Ұлытау ауданының Ұлытау ауылынан 12 шақырым жерде «Нива» автокөлігі қар құрсауында тұрып қалған. Көлікте болған 4 адам ТЖ бөлімі мен ЖАО күшімен Ұлытау ауылына эвакуацияланды», - дейді облыстық ТЖД-нің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Оның айтуынша, құтқарылғандар дәрігердің көмегіне мұқтаж болмаған, олардың жағдайы қалыпты.
«Құтқарушылар автокөлік жүргізушілеріне төмен температурада, боранда, жолдардың қар басуы және көктайғақта мүмкіндігінше жол жүруден бас тартуға, көру мүмкіндігі шектелген жағдайда орташа жылдамдықты таңдауға және жарықтандыру құралдарын пайдалануды ұсынады. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде тұратын тұрғындардан метеожағдай нашарлаған жағдайда алыс қашықтыққа жаяу жолға шығудан бас тарту керектігін ескертеміз», - дейді Ж.Дәуренбекова.
Төтенше жағдайлар қызметі облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және қауіп-қатерден сақ болуға шақырады. Ауа-райының өзгеруіне сәйкес киіну қажет. Балаларды қараусыз қалдырмау және мектептердегі сабақты тоқтату туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыру керек.