Жолаушыларды ЖИ көмегімен тексеру: Астана әуежайында жаңа жүйе енгізілмек
Астана халықаралық әуежайында жолаушыларды бет-әлпеті арқылы танып, жеке басын автоматты түрде анықтайтын жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі әзірлеген нормативтік-құқықтық акт жобасында айтылған.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа технология әуежайдағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе ұшу алдындағы тексеру рәсімдерін жеделдетіп, терминалдардағы кезекті азайтуға бағытталған.
Жаңа жүйе процестерді автоматтандыру арқылы жолаушылардың қажетті тексеру кезеңдерінен жылдамырақ өтуіне жағдай жасайды деп күтілуде.
Айта кетейік, нормативтік-құқықтық актінің жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжатты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 4 қарашаға дейін жалғасады.