Жолаушыларын тонаумен айналысты деген күдікпен такси жүргізушісі ұсталды

Талдықорған, BAQ.KZ. Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары жолаушы тасымалымен айналысып, жолаушыларды тонауды кәсіп қылған 27 жастағы жігітті ұстады.

Қызылжар ауылының 25 жастағы тұрғыны 3 маусымда полицияға хабарласып, белгісіз такси жүргізушісінің тонағанын және зорлық көрсеткісі келгенін айтқан. Зардап шегуші автокөліктің түсі мен маркасын атаған. Полицейлер бірнеше сағат ішінде күдікті азаматты анықтады. Ол осы аудандағы Ащысай ауылының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды және аудандық полицияға жеткізілді. Ол зардап шегушіден ұялы телефон мен 92 мың теңгені тартып алғаны анықталды. Сондай-ақ, тексеру жұмыстары барысында күдіктінің биыл мамыр айында орын алған Есік қаласындағы жас қызды тонау дерегіне қатысы бары анықталды. Екі жағдайда да ол жолаушыларын зорлауға ниеттенген. Дегенмен, қарсылық көрсеткен қыздардың зергерлік бұйымдарын, ұялы телефондарын және ақшаларын тартып алған», - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша қамауға алынды. Тонау және зорлауға оқталу деректері бойынша тергеу ісі Еңбекшіқазақ ауданы полициясына тапсырылды.

«Күдікті шалғай қашықтықтарға жолаушы тасымалдаумен айналысқанын ескере отырып, оның облыс бойынша тіркелген осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтау жұмыстары жүргізілуде»,- деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы