Жолақысы – 750 теңге: Қарағанды облысында ауылдан қалаға қатынау жеңілдейді
Балқаш қаласы мен Қызыларай ауылы арасында жаңа тұрақты автобус бағыты іске қосылады. Жолаушылар 20 адамға арналған Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусымен қатынай алады. Жолақысы – 750 теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бағыт бойында шағын автобус Нарманбет, Сарытерек, Ақтоғай және Қаратал (Шабанбай би ауылы) елді мекендеріне тоқтайды.
Келесі аптадан бастап жолаушылар тасымалы әр бағыт бойынша аптасына екі рет жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, сейсенбі және жұма күндері шағын автобус Балқаш қаласынан Қызыларай ауылына сағат 08:00-де жолға шығады. Ал кері бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері сағат 10:00-де Қызыларайдан Балқашқа қарай қатынайды.
Жаңа бағыттың ашылуы ауыл тұрғындарының қалаға қатынауын жеңілдетіп, күнделікті шаруаларын ыңғайлы шешуге және Балқаш қаласымен көлік байланысын нығайтуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.