Жол үстінде жолаушы. Ақтөбе облысында қандай жолдар жөнделіп жатыр?
Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ журналистерге ұйымдастырған баспасөз туры аясында Ақтөбе облысында жолдардың жөнделіп, қайта жаңғыртудан өтіп жатқанына куә болдық.
Ақтөбеден Қандыағашқа дейін
Жұртшылықтың көңілін көншітпейтін, арыз-шағымы көп бағыттардың бірі «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолы еді. Бұл бағыттағы тасжол 1960 жылдан бастап жөндеу көрмеген. Қазір онда қайта жаңғырту жұмыстары барынша жүргізіліп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетовтың айтуынша, «Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы жолдың 2 учаскесінде күрделі құрылыс жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.
Құрылыс жұмыстарының Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын, яғни 11-52 шақырымын «SineMidasStroy» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі 52-100 шақырымын «AстанаДорСтрой» компаниясы салып жатыр. «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолының 1-телімінде қайта жаңарту жұмыстары былтыр басталды. Қазір асфальт салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Сине Мидас строй» компаниясы асфальт жабындысының төменгі қабатын төсеп жатыр. Құрылыс аясында көпірлер мен су өткізгіш құбырлары да салынып жатыр. Биыл жолдың бір тарапы пайдалануға беріледі, - деді Махамбетов.
Оның айтуынша, астфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Сине Мидас строй» компаниясын сағатына 250 тонна асфальт қоспасын өндіретін Бестамақ қаласындағы зауыт қамтамасыз етіп отыр.
Құрылыс жұмыстары Бестамақ ауылына дейін тартылады. Бұл қалаға дейін 4 көпір салу жоспарланған. Оған қоса 10 су өткізетін құбыр да жасақталады. Бестамақ ауылының жанынан 2 мал өткізетін арнайы жол өтімдері де салынады. Бір аптаның ішінде асфальттің екінші қабаты төселген соң жолдың тағы 18 шақырымы пайдалануға беріледі. Былтыр бұл бағыттағы жолдың тағы 18 шақырымында қозғалыс ашылған болатын. Қазір көлік ағыны қарқынды. Өндірістік аудандар орналасқандықтан жүк көліктері де аз жүрмейді. Әрине, 1960 жылдан кейін жөндеу көрмеген бұл бағыттағы жолдың маңызы зор. Жоба 2023 жылдың күзінде аяқталуы керек. Біз оны уақытылы пайдалануға беруге бар күш-жігерімізді саламыз, - деді Марат Махамбетов.
Ол Алға мен Қандыағаш аудан орталықтарын жол айналып өтетінін айтты. Сондай-ақ ішке кіріс жолдарын жөндеу де жоспарланып отыр.
Махамбетов атап өткендей, жобаның жалпы құны - 64 млрд теңге. Алайда туындаған қиыншылықтар да жоқ емес.
2021 жылы құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Атап айтсақ, темір-бетон, арматура, битум материалдары. Бірақ оған қарамастан жұмыс бірде-бір мәрте тоқтамады. Қазір эскалация жасау нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Вагон тапшылығы да болды. Қазір ол олқылық жойылды. Мердігер компаниялар да жұмысты кідіртпеді. Барлық жөндеу жұмысы мерзіміне сәйкес жүргізіліп келе жатыр, - деді ол.
Марат Махамбетов атағандай, биыл бір жағындағы 89 шақырымды пайдалануға беру жоспарлап отыр.
Себебі бұл жол III санаттан I санатқа ауыстырылып, 4 жолаққа дейін кеңейтілді. Жол учаскелері пайдалануға берілген сайын келесі бөлігіне жөндеу жасалып жатыр. Биыл күзге дейін Қандыағашқа дейін бір тарапын беру жоспарланып отыр. Құрылыстың бірінші телімінде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі - жергілікті жердің тұрғындары. Үшжақты меморандум (әкімдік-ҚазАвтоЖол-мердігер компания) аясында жұмысқа қабылданып жатыр, қабілетіне қарай өңір тұрғындары тартылып жатыр. Қазір маусымның қызған кезінде 500-дей адам мен 250 техника жұмыс істеп жатыр, - деді ол.
Марат Махамбетов атағандай, жол саласында кадр тапшылығы - үнемі көтерілетін мәселе.
Инженерлер, асфальт төсейтін каток көліктеріне жүргізушілер тапшы. Асфальт төсейтін мамандар да сұранысқа ие. Ақтөбеде осы мамандықтарды даярлайтын колледж бар. Аталған колледжбен біз тығыз жұмыс істейміз. Біздегі мамандар сол оқу ордасында сабақ та береді. Колледждерден келіп жастар тағылымдамадан да өтіп жатады. Осындай бірлескен жұмыстар аясында жұмысты уақытылы аяқтауға тырысамыз, - деді Махамбетов.
Филиал директорының айтуынша, құрылыста қолданылатын барлық материал өңірде шығарылады.
Құрылысқа қажет қиыршық тастарды Мұғалжардағы зауыттан аламыз. Ол Ақтөбе облысын ғана емес, БҚО мен Атырауды да қамтамасыз етіп отыр. Темір-бетон материалдарын да Ақтөбедегі зауыт шығарады. Битумды Маңғыстаудағы Каспий битум зауытынан алып отырмыз, - деді ол.
Кадр тапшылығы
«Сине Мидас строй» мердігер компаниясы өндірістік-инженерлік бөлімінің басшысы Юрий Голубев жол жөндеу алаңында еңбек етіп жүрген мамандардың 80 пайызы өңірлік, 20 пайызы шетелдік кадр екенін атап өтті.
Мұнда тек ақтөбеліктер ғана емес, еліміздің әртүрлі өңірінен келген мамандар да бар. Мысалы, мен Қарағанды облысынан келіп еңбек етіп жатырмын. Шетелдік компаниялар инженерлік техникалық құрамға еңбекақыны жақсы төлейді. Алайда бұл маусымдық жұмыс екенін ұмытпау керек. Біз жұмысты сәуірдің басы немесе ортасы бастаймыз. Ал жұмыс қарашада аяқталады. Қысқы кезеңде жолды қамтамасыз ететін, құжатпен айналысатын мамандар ғана жұмыс істейді, - деді Голубев.
Ол кадр тапшылығы үнемі жол саласында бар екенін айтты. Себебі көп маман шетелдік компанияларға жұмыс істеуге аттанады. Бірақ бұл жағдайда да мәселені шешуге мүмкіндік бар.
Мәселен, мен жұмыс істейтін өндірістік-инженерлік бөлімде жолға қатысы жоқ маман жұмыс істейді. Алайда ұмтылыс пен ынтаның нәтижесінде бұл саланы меңгеріп алды. Біз де аянбай, өз тәжірибеміз бен кеңесімізді айтып отырамыз. Көбіне өндірістік-инженерлік бөлімдерге арнайы мамандар, операторлар мен экскаваторшылар жетіспей жатады, - деді ол.
«Самара-Шымкент» бағытындағы жол учаскесі
«Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы тасжолдың жағдайымен танысқан соң «Самара-Шымкент» бағытындағы «Ақтөбе-Орал» жол учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстарымен таныстық.
Республикалық маңызы бар жол II санатқа жатады. Қазір бұл тасжолда орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жол Алга Системс» компаниясы қиыршықтасты маститті асфальт төсеп жатыр. Жөндеу жұмыстары былтыр басталды. 34 шақырымның 15 шақырымында жұмыстар биыл аяқталды. Екінші компания «МКДСМ» де 34 шақырымға қиыршықтасты маститті асфальт төсеп жатыр. Жолды қалаға дейін жөндеу қарастырылған, - деді Марат Махамбетов.
Өз кезегінде «Жол Алга Системс» ЖШС жол учаскесінің жетекшісі Сергей Авраменко атап өткендей, жол жөндеу жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлінген.
Орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Қазан айында 15 шақырымын пайдалануға бердік. Кейін ауа райына қатысты жұмыс тоқтады. Биыл жөндеу жұмыстарын қайта бастадық. Қалған жол 19 шақырым. Шілде айында жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жол 2012 жылы пайдалануға берілді. Яғни, 10 жылдан кейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Сергей Авраменконың айтуынша, жол учаскесінде 15 техника мен 25 қызметкер жұмыс істеп жатыр.
Жөндеу жұмыстары 4 мамырда басталды. Мамырда жауын көп жауды. Оған қарамастан жөндеу жұмыстарын кестеге сай жүргізіп келеміз, - деді ол.
Баспасөз туры барысында Марат Махамбетов «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолы толық аяқталған соң ақылы болу мүмкіндігі туралы да айтқан еді.
Айта кетейік, Премьер-министр Әлихан Смайылов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға жол қауіпсіздігіне қатысты жұмысты күшейтуді және құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырған болатын.