Жол, теміржол және авиация: 2026 жылы көлік саласында қандай жобалар іске асады?

Қазақстанда көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. 2026 жылдың бюджетін қалыптастыру аясында Көлік министрлігіне 887 631 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қаржы қай салаларды дамытуға бағытталады? Министрлік BAQ.KZ тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

Салаға бөлінген қаржы – елдің транзиттік әлеуетін арттыру, өңірлер арасындағы қатынасты жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға арналған нақты қадамдардың бірі. Сонымен биыл министрлікке бөлінген миллиардтар қай салаларды дамытпақ?

Қаражаттың басым бөлігі жолға бағытталады

Министрлік мәліметінше, 2026 жылы бөлінген қаржының ең үлкен үлесі жол саласын дамытуға және мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртуға қарастырылған.

Атап айтқанда, жоспарланған қаражат көлемі төмендегідей:

  • азаматтық авиацияны дамытуға - 20 308 млн теңге;
  • жол саласын дамыту және өткізу пункттерін жаңғыртуға - 554 657,8 млн теңге;
  • теміржол, жеңіл рельсті және метрополитенді дамытуға - 269 722,8 млн теңге;
  • су көлігін дамытуға - 32 114,8 млн теңге;
  • уәкілетті орган қызметін қамтамасыз етуге - 10 827,7 млн теңге бөлініп отыр.

Осылайша, көлік саласын дамытуға бағытталған қаржы көлемі айтарлықтай өсіп, инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге мүмкіндік бермек.

Өткен жылғы нәтиже қандай еді?

2025 жылы 13 мың шақырым автомобиль жолы құрылыс, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарымен қамтылды. Сондай-ақ министрлік, құрылыс пен реконструкциялау бойынша 778 шақырым жол пайдалануға берілгенін мәлімдеді.

Құрылыс және қайта жаңарту аясында 2,2 мың шақырым жол учаскесінде жұмыстар жүргізіліп, оның 778 шақырымы толық пайдалануға берілді. Аяқталған ірі жобалар қатарында: «Қалбатау - Майкапшагай», Күрті- Қонаев, «Подстепное - Федоровка», «Ұзынағаш- Отар», «Қызылорда- Жезқазған» секілді маңызды бағыттар бар,-деп мәлімдеді министрлік.

Сондай-ақ 2025 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 6,6 мың шақырымында күрделі және орташа жөндеу жүргізілсе, 2,3 мың шақырым толық аяқталған.

Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі: республикалық желіде 94%, жергілікті желіде 91% деңгейіне жеткен.

Сапасыз жол салғандар жауапкершілікке тартылды

Бүгінде қоғамдағы ең көп талқыланатын мәселелердің бірі жолдардың сапасы болып отыр.

Министрлік осыған байланысты 2025 жылы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК тарапынан өңірлік мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларына 212 өтініш жолданғанын айтады.

Нәтижесінде 80 өтініш бойынша оң шешім қабылданып, 132 өтініш бойынша бас тартылған.

Қарау қорытындысы бойынша техникалық қадағалау саласында 18 аттестаттың қолданысы , 2 компанияның лицензиясы тоқтатылды. Техникалық қадағалау қызметін көрсететін 54 компанияға айыппұл салынды. 38 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- дейді Ведомство хабарламасында.

Қандай мәселе бар?

Осындай сапасыз жолдарды салуда мердігер компанияларды енді ықтияттылықпен таңдау қажеттігі туындайды. Сондықтан министрлік мердігерлерді іріктеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы жүргізілетінін атап өтті.

Іріктеу кезінде негізгі талаптардың бірі - ашықтық және бәсекелестік қағидаты.

Байқау электронды платформада жүргізіледі. Онда мердігердің біліктілігі, тәжірибесі, қаржылық жағдайы, материалдық- техникалық базасының жеткіліктілігі түгелдей ескеріледі,- дейді министрлік.

Ведомство мәліметінше, осындай қағидаттар арқылы жол құрылысы саласында әділ әрі ашық таңдау жүргізіледі.

Бұған дейін Үкімет геология саласына 240 млрд теңге бөлгені жайында жазған едік. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы