ШҚО-да жол сапасы арнайы зертханалық автомобильдермен талданбақ
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда автожолдардың жағдайын талдап, диагностика жасайтын арнайы зертханалық автомобильдер жасақталмақ. Бұл жөнінде өткен Бақылау кеңесі отырысы барысында мәлім болды.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, бүгінгі таңда «Казцинк» ЖШС демеушілігі арқасында жоба бойынша автожолдарға сараптама жүргізіп, талдау жасайтын зертхана жасалу үстінде. «ДИМ-Строй» ЖШС көмегімен мобильді автожол зертханасы сатып алынуда.
«Сонымен қатар бакалавриатқа арналған «Автомобиль жолдарын жобалау және салу», ал магистратураға арналған «автомобиль жолдарын диагностикалау және мониторингтау» сияқты инновациялық білім беру бағдарламалары құрылды», - деді Олег Дмитриевич.
Қазіргі уақытта аталмыш бағытта арнайы меморандумға қол қойылғанын алға тартқан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов жобаның қанша қаражатқа түсетіні есептелген соң жұмыстардың басталатынын хабарлады.
«Жолдарды жөндеткен соң артынан оның сапасыз жөнделгені анықталып жатады. Естеріңізде болса, өткен жылы «Семей-Қарауыл» бағытындағы автожолға 2 миллиард теңге бөліп, жөндеуден өткізген болатынбыз. Биыл оны қайта жөндеуге мәжбүр болып отырмыз. Өйткені қолымызда жол сапасын бақылайтын тетік жоқ. Тараптар жол құрылысы аяқталған соң құжатқа қолдарын қойып жан-жаққа тарасады. Бұдан былай бөлінген қаражатты тапсырысты орындаушыға тек зертханалық талдау жүргізілген соң ғана аударылатындай етіп істеу керек. Осы бағытта жұмыс істеңіздер», - деп тапсырды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.