Жол құрылысында битумды қолданудың тың әдісі ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты екі жыл қатарынан асфальтбетон төсеміне көміртекті нано ұнтақты қосу бойынша арнайы зерттеу жұмысын жүргізуде. Тәжірибе қорытындысы жол сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал еткенін көрсетті.
Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Жол саласы ғалымдарының зерттеулеріне арналған еліміздің оңтүстік және солтүстік аймағында екі тәжірибелік алаң құрылды. Алматыдағы Төле би көшесіндегі (Өтеген батыр көшесінен Саин даңғылы бағытына қарай) сынақ алаңының ұзындығы 101 метрді құрайды. Аталған аумаққа көміртекті нано ұнтақ қосылған модифицирленген 152,5 тонна асфальтбетон 2021 жылдың қазан айында «Асфальтбетон-1» ЖШС зауытында шығарылды. Ал екінші тәжірибелік алаң елордада орналасқан. Атап айтқанда, бас шаһардың 59-көшесіндегі арнайы 100 метр аумаққа (Абайдың 150 жылдығы көшесінен Арықты көшесіне дейін) сапасы жоғарылатылған асфальтбетон төселді. 110 тонна тәжірибелік қоспаны «Астана ДорСтройНС» ЖШС өндірген.
Биылғы жылдың сәуір айында ғылыми-зерттеу институтының мамандары тәжірибелік алаңдарға арнайы талдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде нанокөміртек ұнтағы қосылған асфальтбетон жабынының сақталуы мен беріктік қуаты жоғары екені анықталды. Сондай-ақ жол төсемінің қасиеті мен суға төзімділігі ҚНмЕ 3.06.03-85, ҚР ЕР 218-35-2016 және ҚР ҚН 1225-2019 талаптарына толыққанды сәйкес келетіндігі айқындалды.
Талдау қорытындысына орай алынған нәтижелер бойынша ҚазжолҒЗИ «Жол құрылысында көміртекті наномодифицирленген битумды қолдану бойынша ұсыным» атты жобаның алғашқы редакциясын даярлады. Жоба қызығушылық танытқан мемлекеттік және коммерциялық мекемелер мен ұйымдарға ұсыныстар мен келісім үшін жолданды.