Жол құрылысына пайдаланылатын битумның сапасы тексеріліп жатыр – ИИДМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жол құрылысы жұмыстарында пайдаланылатын битумдардың сапасы тексерілуде. Жұмыстар ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша орындалып жатыр.
Көзделген негізгі мақсат — құрылыс нысандарын, автомобиль жолдарын реконструкциялау мен жөндеу жұмыстарын сапалы битуммен қамтамасыз ету, сондай-ақ сапасыз өнімді пайдалану фактілерінің алдын алу.
Зерттеу жұмыстары ҚР СТ 1373-2013 талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі таңда ҚазжолҒЗИ зертханаларында "ПМХЗ" ЖШС және "Қазақбитум" ЖШС сынды өндірушілер жасап шығарған битумдардың 8 сынамасы бойынша зерттеу жүргізілді. Битумдар өндіруші зауыттардың талаптарына сәйкес зерделенді. Тексеру нәтижелері бойынша зауыттардың битумдары мәлімделген нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетіні анықталды. Айта кетерлігі, битум сынамалары "өндіруші зауыттардан", сондай-ақ автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу объектілерінен алынған.
Сапасыз битумды пайдаланудың алдын алу мақсатында тауар сапасына жасалатын мониторинг жалғасатын болады. Мониторинг нәтижелері еліміздің түрлі жол-климаттық аймақтарында битумның әртүрлі маркаларын қолдану саласын белгілеу үшін пайдаланылады деп жоспарлануда.