Жол қауіпсіздігі саласындағы цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу мәселесі талқыланды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова AstanaHub алаңында «Жол қауіпсіздігі саласындағы цифрландыру және жаңа технологиялар» форумына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форум барысында қатысушылар еліміздің автожолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған озық технологиялар мен IT-шешімдерді көрсетті.

Вице-министр осы саладағы ҚР ИИДМ жүргізіп жатқан жұмысы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Көліктік бақылауды автоматтандыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Осы мақсатта Министрлік еліміздің республикалық жолдарында заманауи технологиялық аппараттық-бағдарламалық кешендерді енгізуді қарастыруда.

Сондай-ақ, бүгінгі күні Министрлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, автожолдардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында«Sapar» мобильді қосымшасын әзірлегені атапөтілді. Қосымшада республикалық трассалардың бойында орналасқан жол бойындағы сервис объектілері туралы барлық өзекті ақпарат жинақталған және автожолдардың ағымдағы жай-күйі (трассаларды ашу/жабу, айналма жолдар, жөндеу жұмыстары және т.б. бойынша ақпарат), метеожағдайлар, жолдардың ақылы учаскелері бойынша жол жүру теңгерімін толықтыру туралы бөлімдер бар.

Қорытындылай келе, вице-министр автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін отандық IT-нарықтың ұсыныстарын талқылауға және қарауға министрлік әрқашан ашық екендігін хабарлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы