Жол қателікті кешірмейді: Өскеменде жол апатынан екі жасөспірім көз жұмды
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өскемен қаласының прокуратурасы азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және кәмелетке толмағандарға көлік құралын басқаруға жол бермеуге шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, 17 шілде күні Өскемен қаласында ауыр зардаптарға әкелген жол-көлік оқиғасы болған. Алдын ала дерек бойынша, жеңіл автокөлікті басқарған кәмелетке толмаған жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіндегі кедергіге соғылған. Салдарынан автокөлік аударылып, өртеніп кеткен.
Қайғылы оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған жолаушы көз жұмды. Ал жүргізуші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Прокуратура автокөліктің жоғары қауіп көзі екенін еске салып, оны басқару үшін тиісті дағдымен қатар заңда белгіленген жүргізуші куәлігі болуы міндетті екенін атап өтті. Сондай-ақ ата-аналарға балалардың көлік тізгініне отыруына жол бермеуге және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтауға ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырды.