Жол ортасында тоқтаған такси мен кешкі кептеліс: Алматыдағы «Алтын Орда» базары маңында не болып жатыр?
Алматыдағы «Алтын Орда» базарының маңында кешкі уақытта көлік қозғалысы қиындап, жұмысынан қайтқан тұрғындар такси ұстау немесе автобусқа міну үшін жолдың жүріс бөлігіне дейін шығады. Бұл жағдай жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жүргізушілерге де кедергі келтіреді. BAQ.KZ тілшісі оқиға орнынан фоторепортаж дайындады.
Алматыдағы Алтын орда базарының маңы кешкі уақытта адам қарасы көбейетін орындардың бірі.
Күнделікті жұмысынан қайтқан тұрғындардың бір бөлігі қоғамдық көлікке міну немесе такси ұстау үшін осы маңға жиналады.
Олардың арасында Алматыға шет аймақтардан қатынап жұмыс істейтін адамдар да аз емес.
Кешкі қарбалас кезінде жолаушылардың бір бөлігі аялдамада күтудің орнына жол жиегіне шығып, тіпті көлік жүретін жолақтарға дейін барады.
Такси тоқтатуға асыққандар жол бойында қол көтеріп, өтіп бара жатқан жүргізушілердің назарын аударуға тырысады.
Ал автобус күткен кейбір тұрғындар қоғамдық көлікке тезірек міну үшін аялдамадан тыс жерде тұрады.
Соның салдарынан көлік қозғалысына кедергі келіп, жолдағы жағдай күрделене түседі.
Алайда 15 қазан күні қарбалас қатты болмады. Себебі кеше осы аумақта полицейлер жағдайды реттеу үшін жұмыс жүргізді.
Құқық қорғау қызметкерлері жолаушылардың жолдың жүріс бөлігіне шығып кетпеуін және автобусты белгіленген аялдамада күтуін бақылады.
Полицейлердің жұмысы жолдағы тәртіпті сақтауға және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Дегенмен жолаушылардың мұндай әрекеті өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді.
Жүргізушілер де жол жиегінде күтпеген жерден пайда болған адамдарға байланысты жылдамдығын төмендетуге мәжбүр болуы мүмкін.
Әсіресе кешкі уақытта көлік ағыны көбейгенде, жолға шығып кеткен жолаушылар үшін қауіп артады.
Жолдағы қауіпсіздік ең алдымен әр адамның өзіне байланысты. Полицейлер күн сайын әр аумақты бақылап отыра алмайды, сондықтан жолаушылар жолдың жүріс бөлігіне шықпай, автобусты тек аялдамада күтіп, таксиді қауіпсіз жерде тоқтатуы керек. Өз өміріне жауапкершілікпен қарау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең қарапайым жолы.