Жол көлік оқиғасы және автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілерді не күтіп тұр?

Қазақстанда міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің шекті лимиттерін қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Тиісті ұсыныстар қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында зерделенуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Лимиттерді қайта қарау-талқылау сатысында

Әңгіме «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, сондай-ақ тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде болып отыр. Құжатты депутаттар бастамашылық еткен және онда міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің шекті мөлшерін өзгертуге қатысты бірқатар ұсыныс қамтылған.

Агенттік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда барлық бастамалар талқылау кезеңінде. Оларды енгізудің нақты мерзімі заң жобасының Мәжілістің жұмыс топтарында қаралу қорытындысына байланысты айқындалады.

Төлемді есептеу әдістемесі өзгермейді

Сонымен қатар сақтандыру төлемдерін есептеу әдістемесін өзгерту жоспарланып отырған жоқ. Ведомство өкілдері сақтандыру төлемдерінің шекті мөлшері «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңында тікелей бекітілгенін атап өтті. Осыған байланысты өтемақыны есептеу тәртібін өзгертуге қатысты жеке нормативтік-құқықтық актілер қабылдау көзделмеген.

Процедуралар толық цифрландырылған

2026 жылдан бастап өтініш беру және сақтандыру төлемін алу тәртібіне де өзгерістер енгізу жоспарланбайды. Агенттік мәліметінше, міндетті автосақтандыруға қатысты негізгі процестердің барлығы қазірдің өзінде цифрлық форматта іске асырылған.

Автокөлік иелері онлайн түрде сақтандыру шартын жасай алады, сақтандыру жағдайы туралы өтініш беріп, төлемді сақтандыру ұйымдарының ақпараттық жүйелері, Бірыңғай сақтандыру деректер базасы және мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы ала алады. Бұл үшін сақтандыру компаниясына жеке бару міндетті емес.

Жол-көлік оқиғасын рәсімдеу кезінде не маңызды?

Агенттік автокөлік иелеріне сақтандыру төлемін кедергісіз алу үшін бірқатар ұсыныс берді. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғасы болған сәтте оны дереу тіркеп, сақтандыру ұйымына хабарлау қажет.

Жол-көлік оқиғаны полиция қызметкерлерінің қатысуымен де, сондай-ақ заңда белгіленген шарттар сақталған жағдайда Еурохаттама арқылы жеңілдетілген тәртіпте рәсімдеуге болады. (Міндетті сақтандыру туралы заңның 22-2-бабына сәйкес). Құжаттарды толтыру кезінде хабарламалар мен сызбаларды дұрыс рәсімдеп, оқиғаға қатысушылар мен көлік құралдарының зақымдануы туралы нақты мәлімет көрсету, сондай-ақ фото және бейнетүсірілім жүргізу маңызды.

Сақтандыру төлемін алу үшін заңның 25-бабында көзделген құжаттардың толық пакетін дайындау қажет. Сақтандыру ұйымы көлікті тексеріп шыққанға дейін зақымдарды жөндемеу ұсынылады. Сондай-ақ барлық растайтын материалдарды сақтандыру жағдайы толық реттелгенге дейін сақтау қажет.

Егер сақтандыру компаниясымен дау туындаса, автокөлік иелері сақтандыру омбудсманына жүгініп, сотқа дейінгі немесе сот арқылы құқықтарын қорғай алады. Ал заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тікелей Агенттікке өтініш жолдауға болады.

Жаңа бастамалар пысықталып жатыр

Қазіргі уақытта сақтандыру өтемақысының мөлшеріне немесе оны төлеу тәртібіне тікелей әсер ететін қосымша жаңашылдықтар жоспарланып отырған жоқ. Дегенмен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы алаңында нарық қатысушыларының міндетті автосақтандыру жүйесін одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстары талқылануда.

Мүмкін болатын бағыттардың қатарында жаңа сақтандыру шарттарын енгізу және автовладельдердің сақтандыру тарихын ескеретін «бонус» жүйесін жетілдіру мәселелері бар. Барлық ұсыныстар келісіліп, нақты шешімдер қабылданған жағдайда, өзгерістер туралы ақпарат қоғамға белгіленген тәртіппен жеткізілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы