Жол картасының іске асырылу барысын өзім бақылаймын. Мамин штаб жұмысы туралы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер министрі Асқар Мамин Үкіметтің онлайн отырысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құрып, оның отырыстарын апта сайын өткізіп тұруды тапсырды.
Үкімет басшысы тағы бір аса маңызды мәселеге тоқталғысы келетінін жеткізді.
Биылғы 12 ақпанда Мәжілісте «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында партияның «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы қаралды, - деп атап өтті ол.
Мамин Әлихан Смайыловқа екі күн ішінде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб құрып, оның отырыстарын апта сайын өткізіп тұруды тапсырды.
Жол картасының іске асырылу барысын өзім бақылап, штаб отырыстарын ай сайын жүргізетін боламын. Аптаның соңына дейін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар кемінде бірінші басшылардың орынбасарлары жетекшілік ететін жобалау топтарын құрсын, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне штабтың жұмыс органы ретінде 1 наурызға дейін жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірлеуді тапсырды.
Жол картасының әр іс-шарасына бірінші басшылардың орынбасарларынан кем емес деңгейде жауапты тұлғалар бекітілуі тиіс. Парламентпен нақты және үйлестірілген жұмыс жүргізу керек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын толыққанды және тиімді іске асыру бойынша барлық шараларды қабылдауымыз қажет, - деп тапсырма берді Мамин онлайн отырыс кезінде.
Оның сөзінше, бұл әр мемлекеттік орган жұмысының басты критерийі болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Досаев Ұлттық қор активтерінің төмендеу себептерін түсіндірді
Келесі жаңалық
Жетісу облысында жер сілкінді
Өзгелердің жаңалығы