Жол инфрақұрылымын жаңғырту: Астанада 50 көше жөнделеді
Астана қаласында көктем мезгілінен бері абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, биыл шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, олардың бір бөлігі пайдалануға берілген. Сонымен қатар қала аумағын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп, 1 миллионнан астам көшет, бұта мен ағаш отырғызу жоспарланған.
Жол инфрақұрылымын жаңғырту аясында 12,5 шақырым жаңа жол салынып, жалпы ұзындығы 58 шақырым болатын 50-ге жуық көше жөнделеді. Бұл көлік желісіне түсетін жүктемені азайтып, қозғалыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары қаланың барлық ауданында жүргізілуде.
Негізгі жобалар қатарында:
- Бейсекова көшесі – Тілендиев даңғылы қиылысы: Мұнда жолайырықтар мен көпір өткелдері салынып жатыр.
- Бұқар жырау көшесі (Жошы ханнан Әл-Фарабиға дейін): Жолмен бірге жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру, бағдаршамдар мен инженерлік желілер де қарастырылған.
- Қайсенов көшесі (Ұлы Дала – Бұқар жырау аралығы): Қозғалыс 2025 жылы ашылады деп жоспарланған.
- Әйтеке би, Ақан сері, Мұхамедханов көшелері: Бұл көшелерде құрылыс пен инженерлік желілерді орнату жұмысы жүріп жатыр.
Бүгінде жалпы ұзындығы 36 шақырым болатын 32 көшеде жөндеу аяқталды. Қалған 9 көшеде 12,5 шақырымдық жұмыс белсенді түрде жалғасуда.
Жөндеуден өткен көшелер:
- Абылай хан даңғылы (А. Пушкиннен Манас көшесіне дейін)
- Бөкеев көшесі
- Талапкер көшесі
- Алаш тасжолы (191-көшеден 69-көшеге дейін)
- Сейфуллин, М.Жұмабаев және басқа да көшелер.
Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары елорданың көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.