Жол ережесін елемеген 19 түлекке айыппұл салынды
Таразда мектеп бітіруші түлектер ұйымдастырған көлік кортежі жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына себеп болды. Полиция рейді нәтижесінде 19 әкімшілік хаттама толтырылып, қатысушылар жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тараз қаласында оқу жылының аяқталуына орай кортеж ұйымдастырған мектеп түлектері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, тәртіп сақшыларының назарына ілікті.
Қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, автопатруль қызметі қала аумағын бақылау барысында бірнеше мектептің түлектері қатысқан көлік шеруін анықтаған. Кортеж кезінде көлік жүргізушілері жолда жүру тәртібін сақтамай, өздерімен бірге өзге азаматтардың өміріне қауіп төндірген.
Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабымен барлығы 19 әкімшілік хаттама толтырылды.
Біз мектеп бітіру кештерінен кейін мұндай жағдайлар орын алуы мүмкін екенін болжадық. Сондықтан автопатрульдер санын көбейтіп, бақылауды күшейттік. Азаматтардың қауіпсіздігі – басты міндет және оны қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз, – деп атап өтті Тараз қ. ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Руслан Оразбақов.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті ата-аналар мен мектеп бітірушілерге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзбай, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін "банк қызметкері" қарағандылық зейнеткерді тақырға отырғызғанын хабарлаған едік.