Жол – экономиканың күретамыры: Жамбылда жұмыстар жалғасады

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы ауылды-аймақтың дамуына үлкен серпін беруде. Өйткені жоба аясында аудандарда, ауылдарда жолдарды жаңғырту жұмыстары қарқын жүргізілуде. Бір ғана Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданында өткен жылы бірқатар жол күрделі және орташа жөндеуден өтті. Бұл жөнінде BAQ.KZ тілшісінің сауалына сала маманы жауап берді.

Жалпы аудан аумағында жол құрылысы жұмыстары биыл да жалғасын табатын болады. Оған облыстық, аудандық бюджеттен қаражат қаралған. Сонымен қатар "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында да бірнеше жол жөндеуден өтпек.

Жалпы, өңірде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының саны – 37, ұзындығы – 174 шақырым. Елді мекендердің ішкі көше жолдарының саны – 582, ұзындығы 435 шақырым болса, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 58 шақырым. Өткен жылы саладағы атқарылған жұмыстардың жоспарын аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсенбаевтан білдік. Жауапты маман өз ақпаратында 2024 жылы бірқатар ауылдарға тақтайдай тегіс жол тартылғанын тілге тиек етті.

Өткен жылы жалпы құны 502594,0 мың теңгеге 13,5 шақырымды құрайтын 4 аудандық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Нақтысы, Ерназар-Қойгелді тас жолының 3,8 шақырымы 153567,7 мың теңгеге, Ащыбұлақ ауылына кіреберіс көшенің 2,5 шақырымы 93907,7 мың теңгеге, Аса-Мырзатай ауылын байланыстырып жатқан жолдың 6 шақырымы 226676,2 мың теңгеге, Аса ауылына солтүстіктен кіреберіс көшенің 0,75 шақырымы 28434,0 мың теңгеге жөнделді. Аталған жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын «Тараз көлік жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 9 жоба іске асырылды. 11 елді мекеннің жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын 39 көшесі орта жөндеуден өткізілді. Ал, аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа 3 жоба іске асырылды. Сонымен қатар облыстық бюджетті нақтылау барысында Ақбұлым ауылындағы 5 көшені, Сұлутөр ауылындағы 17 көшені орта жөндеуге 245 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды. Биыл аудан бойынша жалпы құны 707586,0 мың теңгеге ұзындығы 28,1 шақырымды құрайтын 6 аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеуге 50/50 паритетті қаржыландыру жобасы бойынша тізімге енгізілді. Оған аудан бюджетінен 539088,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 168498,0 мың теңге бөлінді. Яғни, «Алмалы Ресорт» туристік нысанына кіреберіс жолдың 7 шақырымы 106371,0 мың теңге, «Таскөл» туристік нысанына кіреберіс жолдың 2,8 шақырымы 60442,0 мың теңге, Қызылқайнар ауылына кіреберіс жолдың 0,839 шақырымы 17214,0 мың теңге, Қапал ауылына кіреберіс жолдың 1 шақырымы 19026,0 мың теңге, Кұмтиын-Өрнек-Ерназар автожолының 6 шақырымы 123026,0 мың теңге, Айшабибі-Қаратау ауылдарын байланыстырып жатқан жолдың 10,5 шақырымы 213009,0 мың теңге қаржыға жөнделмек. Биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жоба іске асырылады. Яғни, 4 елді мекеннің 19 көшесі 421789,0 мың теңгеге орта жөндеуден өтеді. Аталған қаржының 379609,0 мың теңгесі облыстық бюджеттен, 42180,0 мың теңгесі аудандық бюджеттен қаралып отыр. – деді Мақсат Үсенбаев.

Аудан аумағында биылғы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдарға пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасына сараптама жүргізу үшін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен қажетті 15 млн теңгеге келісімшарт жасалған.

Аудан бойынша атап өтсем, жол мәселесі көп ауыл тұрғындары үшін өзекті еді. Қазіргі жағдай жаман емес. Аталған проблеманы тұрғындар аудан және ауыл әкімдерінің жиындарында ұдайы көтерді. Кезең-кезеңімен жоспар жүзеге асып, мәселе шешімін табуда. Бұл өз кезегінде ауыл азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, аймақтың экономикалық даму көрсеткішінің жақсы екенін де айғақтайды, – деп түйіндеді өз сөзін аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Тұрғындар қауіпсіздігі де қашанда бірінші орында. Айта кету керек, өткен жылы Аса ауылында 6 жолақты теміржолды қиып өтіп жүрген тұрғындар үшін аспалы көпірдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген-ді. Бұл түйіткілдің тиіні 30 жыл бойы тарқатылмай келген еді. Құрылыс жұмыстары аудан басшысының тікелей бастамасымен аудандық бюджет есебінен бөлініп жасалды. Сонымен қатар ауданішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуге субсидиялауға 6 бағытқа қаржы бөлініп, іске қосылды. Олар Қаратау – Айшабибі – Аса, Қаракемер – Құмтиын – Аса және Ш. Ниязбеков – Қапал –Шайқорық –Танта – Аса мен Ерназар –Өрнек –Жұма – Аса, Шоқай – Бірлесу-Еңбек – Аса бағытына ауыл арасын жалғайтын қоғамдық көліктер берілді. Осы уақыта дейін аудан орталығына немесе қалаға қатынау үшін қымбат таксиге ақы төлеуге мәжбүр болған ауылдықтар бұл жаңалықты қуана қабылдаған. Жауапты маман бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатынын айтты.

Биыл бұл тізімге Жаңа Өткел – Тоғызтарау – Құмсуат – Өрнек – Аса бағыты қосылмақ. Тұрғындар бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Тұрғындармен кездесу барысында біз, барлық мәселе бүкпесіз баяндалғанын, жеткізілгенін қалаймыз. Бірақ, мәселе бүгін айтылды, ертең шешілді деген сөз емес. Кезең-кезеңімен барлық проблема шешімін табады. Оған уақыт пен халықтың түсіністігі ауадай қажет. Жыл басталғалы бері ауданда осы салада бірқатар жұмыстарды бастауға құжаттар рәсімдедік. Енді жоспар мақұлданса, қаржы бөлініп, ағымдағы істер алдағы мамыр айынан бастамақпыз. Әрине, біз түсінеміз. Халыққа ең бірінші табиғи газ, таза ауызсу, одан соң тақтайдай тегіс жол қажет. Қай ауылда қандай мәселе бар екені айдан анық. Бізде нақты тізім бар. Жоспар жасалған. Тек халыққа барынша шынайы қызмет ету. Біздің жылдағы мақсатымыз осы болып қала береді, – деп өзін қорытындылады Мақсат Үсенбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы