Жол бойындағы сервис біркелкі дамымаған – Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың саны артқанымен, олар негізінен ірі елді мекендердің маңында шоғырланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше назар қажет. Бұл орайда ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың қатары көбейіп келеді. Бірақ олар негізінен ірі елді мекендердің маңында орналасқан. Сондықтан, трассалардың бойында сервистік орталықтарды біркелкі ашып, жүргізушілерге жанармай бекеттері мен қонақ үйлерге дейінгі қашықтық туралы мәлімет беретін жол белгілерін орнату керек, - дейді Бектенов.
Сонымен қатар шекаралық өткізу бекеттерінің маңында жүргізушілерге қызмет көрсететін сервистік нысандарды ашу бойынша шаралар қабылдануға тиіс екені атап өтілді.
Транзиттік тасымал көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктеріне де сапалы қызмет қажет. Сервистік сегменттің бұл түріне сұраныс жоғары, оны отандық бизнес ұсына алады. Жалпы, жаңа автожол жобаларын кешенді түрде жүзеге асырып, инфрақұрылымды дамытуды және жөндеу жұмыстарының толық көлемде аяқталуын қамтамасыз ету қажет, - деді Олжас Абайұлы.