Жол бойындағы қызмет көрсету сапасы жақсарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 1070-і немесе 58%-ы ұлттық стандарт талаптарына жеткізілді. Биыл бұл көрсеткішті 64%-ға дейін ұлғайту көзделген.

Былтыр жеке инвестициялар есебінен 58 жаңа қызмет көрсету нысаны салынды. Екі объект «B» категориясына сай келеді. Оған жанармай құю бекеттері, мейманханалар, техникалық қызмет көрсету станциялары, автокөлік жуу орындары, медициналық және тамақтану, бөлшек сауда пункттері мен санитарлық тораптар кіреді. Жол бойындағы сервистің 21 нысаны  «С» категориясына жатқызылады. Мұнда күзетілетін тұрақтар, тамақтану нүктелері, санитарлық тораптар орналасқан. Ал 35 нысан «D» категориясына сай жарақталған. Оған жанармай құю бекеттері, санитарлық тораптар мен бөлшек сауда пункттері кіреді. Бұдан бөлек, 2020 жылы санитарлық-гигиеналық тораптардың 13 бірлігі тұрғызылды. Оның 10-ы автомобиль жолдарын реконструкциялау аясында орнатылса, үшеуі жеке инвестициялардың есебінен қойылды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ең жақсы жол бойындағы қызмет көрсету нысандары Атырау облысында болып шықты. Ондағы объектілердің 81%-ыұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Бұдан соң 71%-бен Қостанай облысы тұр. Ал үздік үштікті 69%-бен Ақмола облысы түйіндейді.

Айта кетейік, жол бойындағы сервисті дамыту басты міндеттердің бірі. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2025 жылға дейін 24 мың шақырым тасжол жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтылатын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы