Жол бойында көпфункционалды 35 жаңа кешен бой көтереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «QazAvtoJol» ҰК» АҚ мен «Compass» ЖҚС желілері компаниясы арасында Жол бойындағы қызметті дамыту саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімшартқа қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Келісімшартқа қолды «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов пен «Compass» ЖҚС компаниясының акционері, «Kusto Group» директорлары кеңесінің серіктесі мен мүшесі Оразхан Қарсыбеков қойды. Аталмыш рәсімге сондай-ақ, министр Бейбіт Атамқұлов, вице-министр Берік Қамалиев пен Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов қатысты.

Құжат республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсететін заманауи 35 кешеннің құрылысын қарастырады. Кешен жанармай құю станциясы, ауыр жүкті тасығыш көліктер мен автобустарға арналған кең паркинг алаңы, 80 орынға лайықталған фуд-корт, тауарлар мен автобұйымдардың кең ассортименті ұсынылған Express Market-пен жабдықталатын болады. Жоба 4200 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтымақ. Инвестициялардың жалпы мөлшері 30 млрд теңгені құрайды.  

Әлемдік үздік тәжірибені қолдана отырып, қазақстандық «Compas» бренді көпфункционалды қызмет саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізді, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында 11 кешенді тұрғызды.  

Министрлік пен ұлттық оператор өз тарапынан жол бойында қызмет көрсететін аталмыш нысандардың құрылысын жүргізуде, олардың алаңдарына одан әрі қызмет көрсетуде қолдау танытуға дайын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы