Жол азабын жүрген біледі. Депутат аудандар арасындағы жолдың сапасыздығын айтты

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде жұлым-жұлымы шыққан Кеген-Нарынқол автожолдарының сапасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шекаралы аудандардың жол мәселесін Үкімет үйінде де, Мәжіліс төрінде де ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мырзаға сан рет ескерттік. Бір ай бұрын бұрын жол азабынан әбден зәрезап болған жұрт мердігер компанияның әрекетіне ашынып Қайқы асуындағы жолды жабуға дейін барды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 14 шілде күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында: "Жол жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Еліміздің жолдары нашар және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес», - деп атап ащы сынға алған. Әл-әзір жолға жауапты мемлекеттік органдар да, мердігер компаниялар да сыннан әлі нәтиже шығарған жоқ, – деді Мәжіліс депутаты.

Ол осы жолғы өңірге барғанда халық бірінші кезекте осы жолдың мәселесін алға тартқанын айтты.

Аудан басшыларымен, өңірдегі әріптестермен жыр болған жолды бастан аяқ аралап шықтық. Кеген-Нарынқол арасындағы жұлым-жұлымы шыққан жолды жамап-жасқап жатқанын көрдік. Өте сапасыз. Қатып-семген асфальтты кесек-кесегімен шұқырларға қалай болса солай толтырып, аяқпен тепкілеп, күрекпен жаймалап техникалық мүмкіндігі жеткіліксіз тегістейтін арнайы техникамен шала-шарпы жауып кетіп жатыр, – деді Жанарбек Әшімжан.

Сондай-ақтол жұмысты жүргізіп жатқан "Қазавтожол" ҰК қарасты Алматы облыстық "ДЭУ-91" мекемесі екенін айтты.

Аталған компанияның аудандағы филиал жетекшісімен тілдестік. Неге қалай болса солай сапасыз, жүрдім-бардым жамап-жасқап бара жатқанын сұрадық. "Халық көтеріліп жатыр ғой, елдің аузын жабу керек, сондықтан басшылар уақытша болса да жамау жұмыстарын тапсырды, техникамыз да, қажетті шикізатымыз да жоқ, 50-60 шақырым жолды қалай үлгереміз?" - деді. Міне, қоғамға деген қарым-қатынасымыздың сиқы. Ертең қар жауып, мұз тоңады, келер көктемде құрғақ шұқырға толтырылған асфальт аршылып-аршылып, әр жерде кесек-кесек күйі қалмасын деңіз. Ал Қайқы асуындағы халықтың ашу-ызасын тудырған мердігер компания аяқсыз қалдырған 14 шақырым жолды аяқтау үшін 250 млн. теңгеге байқау жарияланған. Осы қаржыға биттің қабығындай қалыңдықта асфальт төсеп құтылмақ. Мұндай сомаға жауапкершілікті ешқандай компания мойнына алмайтыны мәлім. Байқауға ешкім қатыспағандықтан мәселе тағы жабық қалды, – деді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы