Жол апатынан көз жұмғандардың отбасыларына көмек көрсетіледі

Ақтөбе облысының әкімі бүгін "Ақтөбе-Астрахань" автожолында жол апатынан қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдікке сілтеме жасап.

Сонымен қатар Асхат Шахаров марқұмдардың отбасына көңіл айтты.

Қайтыс болған жандардың туған-туыстарына әкімдік атынан және өз атымнан қайғыра көңіл айтамын. Бүгінгі жол-көлік апаты салдарынан сегіз адам қайтыс болды. Үш адам түрлі жарақат алды, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ауруханада ем-домын жалғастырудан өздері бас тартқан. Жолға шығатын көлік жүргізушілері, жолаушылар жол ережесін сақтап жүруі тиіс. Құзырлы органдар ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту керек, - деді Асхат Шахаров.

Осы орайда өңір басшысы бүгінгі оқиғадан қайтыс болғандардың отбасына, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді және оқиғаның себебін анықтауды жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу аясында жол-көлік апатының себептерін және онда қаза тапқандардың жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы