Жол апатынан 156 адам қаза тапқан - ІІМ
Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев ІІМ-нің дәстүрлі брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл көрсеткіштер бойынша апаттылықтың өскені байқалады. Жол-көлік оқиғалары 9 пайызға, онда қаза тапқандардың саны 17 пайызға, жарақат алғандардың саны 9 пайызға артқан. Жол-көлік оқиғаларының белгілі бір бөлігі жылдамдықты елемейтін жүргізушілердің кесірінен болады. Әрбір жетінші апат (14%) жүргізушілердің елді мекенде белгіленген жылдамдықты сақтамауынан туындайды. Жол-көлік оқиғаларында қайтыс болғандардың жалпы санынан әрбір жетіншісі (13%) осы себептен қайтыс болады және әрбір жетінші (14%) жарақат алады, - деді Мұратәлиев.
Ол атағандай, соңғы 7 айда осы жылдамдықты асыру себебінен 1 136 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде 156 адам қаза болып, 1 442 адам жарақат алды.
ЖКО-да қайтыс болғандардың және жарақат алғандардың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілерді құрайды. Биыл 308 жаяу жүргінші қаза тауып, 2 168 жарақат алды. Жаяу жүргінші болу – өте жауапты. Жолдағы қауіпсіздік жалпы алғанда жаяу жүргіншіге де, жүргізушіге де байланысты. Және тәуекелдер екі жақтан да бар. Себебі жиы жол апатына жолды бағдаршамның қызыл түсіне немесе дұрыс емес жерінен кесіп өткен жаяу жүргінші кінәлі болады, - деді ол.