Жол апатына түскен тағы бір үндістандық ауруханада қайтыс болды
Шымкенттен Алматыға бағыт алып, жол апатына түскен үндістандықтардың тағы біреуі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Алматы-Бішкек тасжолында шетел азаматтары бар көлік жол апатына түскенін хабарлаған болатынбыз. Мәлімет бойынша, автокөлікте Үндістаннан келген төрт студент пен бір турист болған.
Үндістан елшілігінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан екі студент пен жүргізуші оқиға орнында қаза тапқан. Тағы үш Үндістан азаматы ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілген.
Бүгін Үндістанның Қазақстандағы елшілігі апат салдарынан жарақат алған студенттің бірі ауруханада қайтыс болғанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдай салдарынан 6 қаңтардан бері жансақтау бөлімінде жатқан Рахул Ядавтың бүгін таңертең қайтыс болғаны туралы өкінішпен хабарлаймыз. Оның мәйітін тасымалдау бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы апатта қаза тапқан тағы екі үндістандық студент – Каран Пармар мен Риширадж Байраттың мәйіттері бүгін Үндістанға жөнелтілді. Қайғы жұтқан отбасыларға шын жүректен көңіл айтамыз, - делінген елшілік хабарламасында.
Айта кетсек, Алматы облысы полициясының дерегінше, 6 қаңтар күні Toyota Alphard көлігін басқарған 33 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу органдары апаттың нақты себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр.