Жол апаты: Түркістан облысында бір отбасының бес баласы қаза тапты
Полицияның алдын ала дерегінше, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған болуы мүмкін. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер апаттың нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Түркістан облысында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Түлкібас ауданына қарасты Еңбекші ауылында болған апат салдарынан бір отбасының бес баласы қаза тапты.
OTYRAR мәліметінше, Volkswagen Polo көлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, автокөлік екіге бөлініп қалған.
Апаттан тағы бір бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, жағдайы әлі де ауыр. Баланың денсаулығына қатысты толық ақпарат ата-анасының өтініші бойынша жарияланбайды.
Полицияның алдын ала дерегінше, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған болуы мүмкін. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер апаттың нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында 461 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы апаттардан 100 адам қаза тауып, 573 адам түрлі жарақат алған.