Жол апаты қай өңірлерде көп болады?

Еліміздегі қала сыртындағы жолдардағы жол-көлік оқиғасының салдарынан өлім-жітім көп тіркелетін аймақтар белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді.

Республикалық жолдардағы жарақаттану деңгейінің жоғары болуы, азаматтардың жеке трагедияларынан басқа, біздің елімізге орасан зор әлеуметтік-экономикалық зиян келтіреді. Қала сыртындағы жолдарда өлім-жітімнің ең көп өсуіне Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында жол берілді. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы апаттылықтың төмендеуі байқалады, бірақ соған қарамастан жекелеген өңірлерде жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Күн сайын еліміздің жолдарында 10-ға дейін адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады, - деп атап өтті аға инспектор.

Айтуынша, бұл статистика жол-көлік оқиғаларына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің немқұрайлығы мен жеке тәртіпсіздігі ықпал ететінін көрсетеді.

Жолды белгіленбеген жерде кесіп өтіп, қарсы жүріс жолағына шығып, маневр жасау ережелерін бұзған кезде әрбір қатысушы, ең алдымен, өзі және айналасындағылар туралы ойлануы керек. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдардағы өлім-жітім жағдайы өзекті болып қала береді. Онда жол-көлік оқиғасындағы барлық өлім-жітімнің жартысы тіркеледі. Бұл 48 пайызға тең немесе немесе 666 жағдайдың 318-ін құрайды, - деді Ақтоты Боранова.

Сонымен қатар ол биыл 9 маусымда Жамбыл облысында орын алған жол апатын мысалға келтірді. Еске сала кетейік, «Алматы-Ташкент» автожолында «Лексус LX570» маркалы автокөліктің жүргізушісі рульдік басқаруға ие бола алмай, кюветке шығып кетіп, аударылған болатын.

Апат салдарынан жүргізуші мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмып, тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы