Жоғары білімде жаңа парадигма: жасанды интеллект пен цифрлық даму
Алматыда М.Тынышбаев атындағы ALT университетінде 17 қыркүйек пен 10 қазан аралығында жоғары оқу орындарының басшыларына арналған «Жасанды интеллектіні жоғары білім мен ғылым жүйесінде қолдану» атты біліктілікті арттыру бағдарламасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясы мен басқарудағы жаңа технологияларды енгізу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Іс-шараның негізгі спикерлері – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен вице-министр Гүлзат Көбенова. Министр өз сөзінде жасанды интеллектіні енгізу ұлттық білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты фактор екенін атап өтті.
Қорытынды кезеңге еліміздің 40 жоғары оқу орнынан 100-ден астам өкіл қатысты. Қатысушылар жасанды интеллектіні білім беру және ғылым саласында қолданудың халықаралық тәжірибесімен танысып, университет менеджменті мен цифрлық маркетингке арналған практикалық кейстерді талқылады.
Спикерлер қатарында Microsoft, Yandex Qazaqstan, EDUTech Future (Сингапур), UNICEF сияқты ұйымдардың сарапшылары болды. Бағдарлама аясында қатысушылар өз университеттерінің цифрлық даму стратегиясына арналған практикалық use-case жобаларын әзірледі.
Жоба тәжірибе алмасу және жоғары оқу орындарының цифрлық даму бағытындағы ынтымақтастығын нығайтатын тиімді алаңға айналды.