Жоғары аудиторлық палатаның мамандары «Тіл шебері» конкурсында үздіктердің қатарында
Жоғары аудиторлық палатасының қызметкерлері Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Тіл шебері» республикалық байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған байқауға орталық мемлекеттік органдардан үш адамнан құралған 14 топ (42 адам) қатысты. Конкурс үш (қазақ, орыс, ағылшын) тілде өтті. Байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Қазақстан тарихы және оның көрнекті тұлғалары, Қазақстанның дамуына үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткерлері, маңызды даталар және т.б. туралы қойылған сұраққа үш тілде жауап берді. Екінші кезеңде қатысушылар қазақ тілінде экранда ұсынылған жағдаяттан (кейс) шығу жолдарын баяндап бақ сынасты. Үшінші шешуші кезеңде топ капитандары мемлекеттік тілде ұсынылған ортақ тақырыпта қызметтік жазба жобасын жазып жарысты.
Байқау шартына сай қатысушылар «Елтаным», «Сөзтаным», «Ойтаным» кезеңдері бойынша бақ сынады. Олардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманы сақтауы, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтары бағаланды.
Жарыс қызық өтті. Тек тіл меңгеру емес, сондай-ақ тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен еңбегіне қатысты білімді сынадық. Мемлекеттік қызметшілер арасында мұндай байқаудың өтетіні қуантады, – деді Жоғары аудиторлық палатасының қызметкерлері Руслан Мейрамұлы.
Жеңімпаздарды филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ілеспе аудармашы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызы төрағалық еткен арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады
Жалпы «Тіл шебері» республикалық байқауының басты мақсаты – үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілердің пулын құру, оларды қолдау, насихаттау, мәртебесін көтеру.
Конкурс жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.