Жоғары аудиторлық палата бизнесті қолдау тетіктеріне аудит жүргізді

Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Бұл ретте өңірлік мамандануды дамыту және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды атаулы қолдау аса маңызды. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне, әсіресе өңдеу өнеркәсібі саласында, бірқатар аудит жүргізген.

Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне де бағалау жасалған. Аудиттің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларының бизнестің іскерлік белсенділігіне нақты қаншалықты серпін бергенін анықтау.

Аудит нәтижелері бойынша бірқатар жүйелі кемшілік анықталған. Атап айтқанда, ұзақ уақыт бойы осы саладағы саясатты қалыптастыруға жауапты бірыңғай мемлекеттік органның болмауы маңызды мәселе ретінде көрсетілді. Әрбір мемлекеттік орган тек өз саласының аясында әрекет етіп келген.

Тек 2023 жылғы сәуір айында ғана кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі бірыңғай саясатты қалыптастыру функциясы Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген. Алайда қазіргі таңда бұл бағыттағы тәртіп пен үйлестіру жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары, тетіктері мен операторларының көптігі қарапайым кәсіпкерлер үшін елеулі қиындықтар туындатып отыр. Бұл мәселе цифрландыру деңгейінің төмендігімен одан әрі күрделене түсіп отыр, – деді Әлихан Смайылов.

Атап айтқанда, өтініш беру сәтінен бастап көрсетілген қолдаудың тиімділігін бағалауға дейінгі барлық процесті қамтитын бірыңғай ақпараттық платформа әлі күнге дейін іске қосылмаған.

Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мемлекеттік қолдау көлемі туралы деректер нақты көрсеткіштерден кемінде екі есе төмен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы