Жоғары аудиторлық палата 2024 жылғы жұмысының қорытындылары

Биыл Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында жұртшылықтың қызығушылығын тудырған бірқатар маңызды аудиторлық іс-шара өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алғаш рет жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне, атап айтқанда Абай, Ұлытау, Жетісу және Алматы облыстарында аудит жүргізілді.

Бұл аудиторлық іс-шаралар басқарудағы жүйелік кемшіліктерді көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар бюджет қаражаты мен активтерді пайдаланудағы нақты мәселелерді анықтап берді.

2024 жылы Жоғары аудиторлық палата 25 аудиторлық іс-шара өткізді.

Олар 207 нысанды және 10,6 трлн теңгеден астам қаражатты қамтыды. Бұған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы, «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі», Қазақстанның Даму Банкіндегі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы және басқа да тексерулер кірді.

Мемлекеттік аудиторлар 862 млрд теңгеге жуық бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде:

  • қаржылық бұзушылықтар – 154 млрд теңге;
  • мемлекет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану – 475 млрд теңге;
  • тиімсіз жоспарлау – шамамен 233 млрд теңге.

Жалпы аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша мемлекет бюджетіне 135 млрд теңгеден астам қаражат өтелді. Бұл жалпы қалпына келтіруге жататын қаражаттың 87,8% құрайды.

ҚР Үкіметі мен мемлекеттік органдарға 120 ұсыныс пен 676 тапсырма берілді.

Бүгінгі күнге 151 тармақ орындалды, қалған тармақтардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады және үнемі Мемлекет басшысына ақпарат беріледі.  

Аудит материалдары бойынша өткен жылы (26 желтоқсандағы жағдай бойынша):

  • 82 жеке және 60 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Негізінен мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп, сәулет және құрылыс саласындағы бұзушылықтар бойынша;
  • мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына 51 әкімшілік хаттама толтырылды;
  • 16 материал құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұл материалдар уәкілетті органдарда егжей-тегжейлі қаралатын болады.
  • 190 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жоғары аудиторлық палата
Өзгелердің жаңалығы