Жоғарғы сот ұзақ жылға сотталған үш азаматты ақтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғарғы сот үш қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты және сотталған адамдарды ақтады. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
2017 жылдың маусым айында сот Виталий Ермоловты есірткі заттарын тұтыну үшін притон құрып, ұйымдастырғаны және осы мақсатта пәтер бергені үшін кінәлі деп тапты. Ол ҚК-нің 302-бабының бірінші бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Жоғарғы сот істі қарай келе, сот тұжырымдарының істің нақты мән-жайларына сәйкес еместігін және заң нормаларын дұрыс қолданбау кінәсіз адамды соттауға әкеліп соқтырғанын атап көрсетті.
Кассация осы іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, оларды заңсыз деп таныды. Іс сотталған адамның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Ермоловтың қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан тартқан зиянды өндіріп алу және ақталу құқығы бар деп танылды - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар Жоғарғы Сот 2011 жылдың сәуір айында ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің «и» тармағына және 60-бапқа сәйкес 18 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған Эдуард Корчагинді ақтады.
Оған ҚК-нің 60-бабы бойынша түпкілікті 16 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Оның әрекеттерінде қылмыстың қайталануы танылған.
Корчагин қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбаудың 8 эпизоды бойынша кінәлі деп танылған. 2015 жылы апелляция мен кассация сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тануды алып тастай отырып, үкімді күшінде қалдырған. Жоғарғы Сот істі қарап, 2014-2015 жылдары Корчагинге қатысты шығарылған сот актілерінің күшін жойды - делінген хабарламада.
Мұнан бөлек, бұрын 9 жылға сотталған Анар Маханова ақталды.
Сот оны ҚК-нің 428-бабының 1-бөлігіне сәйкес мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбағаны үшін кінәлі деп тапқан. Ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Ал ҚК-нің 60-бабы 1-бөлігінің негізінде оған түпкілікті 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Іс апелляцияда қаралмаған - дейді мамандар.
Жоғарғы сот сотталушыны әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтады.