Жоғарғы сот: Сот тергеуінің толық жүргізілмеуіне байланысты сот актілерінің күші жойылды
Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Т.-ға және Р.Т.-ға қатысты сот актілерінің күшін жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот үкімімен Т., бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ұрлағаны үшін (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), ал Р.Т. - ұрлыққа қатысқаны үшін (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы) 7 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.
Тағылған айыпқа сәйкес, Т., ЖШС-нің сауда өкілі бола тұра, күйеуі Р.Т. көмегімен тауарларды кассаға қаражатсыз өткізіп, заңсыз иемденген, сондай-ақ тауарларды шот-фактурасыз әкеткен.
Нәтижесінде ЖШС жалпы сомасы 72 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған.
Істі қарау нәтижелері бойынша кассациялық сот алқасы келесідей қорытындыға келді.
Іс материалдарын зерделеу көрсеткендей, Т.-ға 44 млн. теңгенің тауарын ұрлағаны үшін айып тағылған шот-фактураларда соңғысының қолтаңбасы жоқ.
Қойма меңгерушісінің, қоймашылардың, бақылаушылардың айғақтары жан-жақты тексерілмеген және іс бойынша басқа дәлелдермен салыстырылмаған.
Сотталғандардың қоймалардан тауарды шот-фактурасыз шығаруға қатысты уәждері жоққа шығарылмаған, керісінше, куәгер-сауда өкілдерінің айғақтарымен, сондай-ақ қоймашылардың айғақтарымен расталған.
Серіктестіктің сауда өкілдерінің ұялы телефондары сараптамадан өтпеген.
Тауарларға өтінімдер бойынша сот-техникалық сараптама тағайындалмаған.
Іс бойынша жүргізілген сот-бухгалтерлік сараптамалардың сенімділігі мен объективтілігі олардың бұзушылықтармен жүргізілуіне күмән келтіреді, яғни ұрлықтың нақты сомасы анықталмаған.
ҚПК-нің 24-бабына сәйкес істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шаралар қабылдануы тиіс.
Сондықтан сот алқасы сот актілерінің күшін жойып, апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберді.