Жоғарғы Сот: республика соттары сот төрелігін жоғары сапада жүзеге асырды
2024 жылы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша сот корпусының кеңейтілген кеңесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғарғы Сотқа сілтеме жасап.
Оның жұмысына ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов, Жоғарғы Сот пен облыстық және оған теңестірілген соттар алқаларының төрағалары, Сот әкімшілігінің басшылығы қатысты.
Өз сөзінде Асламбек Мерғалиев Мемлекет басшысының еліміздің сот жүйесін өзгерту жөнінде алға қойған бірінші кезектегі тапсырмасын жүзеге асыруға тоқталды. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істейтін кассациялық соттар азаматтар үшін сот төрелігінің қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтіп, инвестиция мен бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартады.
Баяндамашы, сонымен қатар, келесі жылдың 1 наурызынан бастап енгізілетін әкімшілік істер бойынша талап қоюшының таңдауы бойынша эксаумақтық соттылықтың маңыздылығын атап өтті. Жаңашылдық жұмыс көлемін ішінара теңестіріп, жергілікті соттың әділдігіне қатысты күмәнді жойып, сот төрелігіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді, - делінген хабарламада.
Биыл желтоқсанда Жоғарғы Соттың бастамасымен енгізілген Микроқаржы жөніндегі омбудсмен институты мерзімі өткен берешектерге қатысты дауларды шешуге тегін көмек көрсетеді.
Жоғарғы Сот Төрағасы соттар қызметінің нәтижелері туралы айта отырып, қоғамның жоғары сапалы сот төрелігіне деген талаптарының артып келе жатқанын атап өтті. Биыл оны жергілікті соттар қамтамасыз етіп отыр. Істердің жалпы санының 19%-ға артуы аясында күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің саны 7%-ға азайды. Жоғарғы Сот түзеткен апелляциялық шешімдер саны да 17%-ға азайды.
Жалпы алғанда, соттар 1,7 миллионнан астам сот актісін шығарды, оның 98,9 пайызы заңды және негізделген деп танылды.