Жоғарғы сот министрлікті Канафинге ақшалай сыйлық төлеуге міндеттеді
Жоғарғы Сот министрлікті сурдлимпиадалық ойындардың жеңімпазына заңды сыйлығын төлеп беруге міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еркебұлан Қанафин 2022 жылы Бразилиядағы XXIV жазғы сурдлимпиадалық ойындарға (саңырау спортшылар арасындағы олимпиадалық ойындар) 81 салмақтағы санатта дзюдодан қатысып, алтын медаль жеңіп алған (6001-23-00-6ап/1103). Бұл туралы ақпарат Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің (СХСК) сайтында орналастырылған.
Алайда, министрлік Қанафинге ақшалай сыйлықты төлеуден бас тартқан. Спортшы бас тартуға байланысты сотқа жүгінген.
МАӘС талап қоюды ішінара қанағаттандырып, Министрліктің Е.Қанафинге сыйлықты төлеуден бас тарту әрекеттерін заңсыз деп таныған, мемлекеттік органға оны белгіленген көлемде төлеу міндетін жүктеген. Апелляция шешімді өзгеріссіз қалдырған. Министрдің атына шешім қабылдау үшін анықталған заң бұзушылықтар туралы жекеше ұйғарым шығарған, - делінген хабарламада.
Министрлік кассацияға жүгініп, сот актілерінің күшін жоюды сұрады.
Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, соттардың тұжырымдарын дұрыс деп тапты.
Дене шынықтыру және спорт туралы заң бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат халықаралық спорттық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғайтын жоғары жетiстiктер спортының басымдығы қағидаты негізінде жүргізіледі. Қазақстанда саңыраулардың сурдлимпиадалық қозғалысын дамытумен Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің (СХСК) құрамына кіретін және Қазақстанның атынан Сурдлимпиадалық ойындарға қатысатын, осындай ойындарды өткізуге республиканы кандидат етіп ұсыну туралы СХСК-ге өтінім беруге айрықша құқығы бар Ұлттық сурдлимпиада комитеті (ҰСК) айналысады, - делінген хабарламада.
Алайда, ҰСК-нің талап етуіне қарамастан, комитет пен министрлік Канафинді 2022 жылғы Сурдлимпиадалық ойындардың құрама командасының құрамына қоспаған. Канафин ҰСК қалыптастырған құрама командаға кірген.
Сурдлимпиадалық ойындардың халықаралық спорт жарыстарының чемпионына Үкіметтің қаулысы бойынша 250 мың АҚШ долларын төлеу көзделген. Бұл ақшалай сыйлықты халықаралық спорт жарыстарында Қазақстанның намысын лайықты қорғап шыққан жеңімпаз Қанафин алуға құқылы, - делінген хабарламада.
Жекеше ұйғарымның негізді екені де атап көрсетілді (АПК-нің 270-бабының 1-бөлігі).
Жоғарғы Сот іс бойынша сот актілерін күшінде қалдырды.