ШҚО-да 4 күн бұрын жоғалып кеткен баланың денесі табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төрт күн бойы бүкіл ауыл болып іздеген бір жасар Әлиханның денесі бүгін табылды. Бала үйінің маңындағы құдыққа құлап кеткен екен, деп хабарлады Алтайньюс.

Естеріңізге сала кетсек, Алтай ауданында 1,5 жасар баланың жоғалып кеткені туралы жазған болатынбыз. Әлихан Талғатов есімді бүлдіршін өз үйінің ауласында ойнап жүрген жерінде із-түссіз жоғалып кеткен. Средигорное ауылында құтқарушылар тобы, полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган, сондай-ақ, еріктілер тобы іздестіру жұмыстарын жүргізген болатын. Олар ауыл аумағындағы шұңқырларды, жерқоймаларды, өзен жағалауын шарлап шықты.


ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бүлдіршіннің денесі бүгін өз үйінің маңындағы құдықтан табылыпты. Баланың денесі құдықтың түбінде тұнып қалған лай қабатының астында жатқан екен.

«20 тамыз күні полиция қызметкерлері үйдің маңындағы құдықты қайта тексерген. Суды сорып алып, түбін лайдан тазарту барысында Әлихан Талғатовтың денесі табылды. Қазір ПД жедел-тергеу тобы оқиға орнын тексеруде. Комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалып, баланың мүрдесі Сот сараптама орталығына жіберілді», - делінген ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы