Жоғалған тікұшақты іздеу: операцияға 400-ге жуық адам жұмылдырылды

25 шілдеде жоғалып кеткен ҚР Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстары Сорбұлақ су қоймасы аумағында тәулік бойы күшейтілген режимде жалғасуда. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 400-ге жуық адам, 70-тен астам техника, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА), эхолоттар, су асты сканерлері және кинологиялық есептоптар жұмылдырылған.

Жергілікті жерде операцияға ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов жетекшілік етіп отыр. Ол барлық құрылымдардың жұмысын үйлестіріп, координациялауда.

Қатысушы күштер құрамы:

  • Қорғаныс министрлігі: 193 әскери қызметкер, 25 техника, 8 жүзу құралы, 4 ҰҰА;
  • Төтенше жағдайлар министрлігі: 87 адам, 22 техника, 10 жүзу құралы, 7 ҰҰА, 2 эхолот, сүңгуірлер мен 2 кинологиялық топ;
  • Ішкі істер министрлігі: 102 қызметкер, 30 техника;
  • Жергілікті әкімдік: 2 автокөлік, 3 жүзу құралы.

Іздеу жұмыстары су қоймасының акваториясы мен жағалау сызығын кешенді зерттеумен қамтылған. Күрделі табиғи жағдайларға қарамастан, операция тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр.

Сорбұлақ су қоймасында іздестіру жұмыстарын жүргізу бірқатар табиғи және техногендік ерекшеліктерге байланысты едәуір қиындық тудыруда: су қоймасының түбі тұнбаға толы және күрделі рельефті, кейбір бөліктерінің тереңдігі 22 метрге дейін жетеді, су лай және мөлдір емес, ал су алмасу процесі өте баяу жүретіндіктен, бұл факторлардың барлығы құтқарушылардан жоғары кәсібилікпен қатар, нақты үйлесімділік пен техникалық жарақтануды талап етеді.

Жоғалған экипаж мүшелерінің туыстарымен тұрақты байланыс орнатылып, іздестіру барысы туралы ақпарат уақытылы беріліп отырады. Іздеу-құтқару операциясы нәтижеге қол жеткізілгенге дейін жалғасады. Қосымша мәліметтер кейінірек хабарланады, - делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы облысы аумағында EC-145 әскери тікұшағының жоғалып кеткені туралы жазғанбыз.

Кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Ал 26 шілде күні іздеу жұмыстары барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы