Жоғалған екі бала отбасы күні ата-анасымен қауышты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі түнді Тараз қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ұйқысыз өткізді. Олар кеше кешке ойнауға шығып, үйлеріне оралмаған Бағлан Дусунбек пен Нұрлан Марипбекті іздеумен болды.

2014 және 2015 жылғы қос бүлдіршін Тараз қаласының «Салтанат» ықшам ауданында тұрады. Кеше кешкі сағат 18:30 шамасында ойнауға кеткен екеуі үйлеріне оралмаған.

Тараз қаласының полиция департаментінің қызметкерлері іздеу жұмыстарына бірден кірісті.

Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, екі баланың жоғалғаны туралы арыз кеше сағат 20:30-да келіп түскен. Балаларды табу үшін барлық жеке құрам жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары барысында аудандағы барлық қараусыз қалған ғимарат, үйлер мен саяжайларда тінту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің шатырлары мен құдықтар, компьютерлік клубтар тексерілді. Полиция қызметкерлері маңайдағы Комсомол өзенінің жағалауын да нысанаға алды.


Полиция қызметкерлері Бағлан мен Нұрланды бүгін таңғы сағат 06:30-да тауып, ата-аналарына тапсырды. Екі бала ойнап жүріп үйлерінен ұзап кеткен. Полиция қызметкерлері оларды қаланың басқа шетіндегі жеке тұрғын үй секторы маңынан тапты. Екеуі де үйлерін іздеп, шаршап, үрейленгенге ұқсайды. Полиция қызметкерлері олардың денесінен жарақат іздері табылмағанын айтты.

Нұрлан Шәріпбектің анасы Қалдыгүл Мұқатаева Тараз қалалық полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы