Тұрғымбаев жоғалған альпинистердің нақты орнын анықтау қиын екенін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тауда жоғалған қазақстандық альпинистерді іздестіру операциясы қайта басталғанын айтты.
«Альпинистер бойынша, 14 тамызда альпинистер Жеңіс шыңына дейін шыққанымен, соңғы хабарлама бойынша 15 тамызда қар боранына тап болғаны хабарланған болатын. Альпинистердің бірі қайтыс болып, екеуі көмек сұраған. Аталған тау шыңы Қырғызстан аумағында орналасқандықтан, екі күн бұрын құтқару операциясы құрылып, қырғыз шекарашыларынан әуе кеңістігін пайдалану рұқсаты алынды. Алайда, біздің құтқарушы тікұшақ қатты боран мен ауа райына байланысты биікке көтеріле алмады», - деді Ішкі істер министрі.
Тұрғымбаев бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де құтқару операциясы қайта басталғанын, бортта тәжірибелі құтқарушылардың барын, ал тікұшақ таулы аймаққа барынша бейімделгенін айтты.
«Алайда, теңіз деңгейінен 6 мың метр биіктікке әуе кемелерінің көбі көтеріле алмайтынын білесіздер. Сонда да әуе кемелері барынша биікке көтеріліп, құтқарушылар іздестіру жұмысын жалғастырады. Альпинистердің нақты қай жерде екенін біле алмай отырғандықтан, барынша ауқымды іздестіру жұмыстарын қолға аламыз. Қазір арнайы қызметтерді GPS арқылы жоқ дегенде болжамды орындарды анықтау мақсатында тартып жатырмыз», - деді ведомство басшысы.
Айта кетсек, Қазақстанның 3 альпинисі Тянь-Шань тауының (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) Жеңіс шыңында жоғалып кеткендігі туралы хабарланған болатын. Қазақстан азаматтары Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулиннің 4 тамыз күні Победа шыңына сапарлап шыққан. Олардың барлығы да кәсіби және тәжірибелі альпинистер. 14 тамызда альпинистер аталған шыңды бағындырған. Сол күні ауа райы нашарлаған. Альпинистер 15 тамыз күні шамамен сағат 08.15-те соңғы рет 6900 метр биіктіктен байланысқа шығып, орын алған жайтқа қатысты дабыл қаққан. Сондай-ақ, олар А.Чечулиннің қаза тапқандығын естірткен. Шатырлары мен жабдықтарын жел ұшырып кеткен. Олар қардан шұңқыр қазып, соған жасырынғандықтарын айтты.
19 тамыз күні Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастады. Құтқару тобында – капитан Мақсұт Жұмаев, майор Аманжол Рахметов, топ басшысы – аға лейтенант Василий Пивцов бар.