Жоба құны 80 млрд теңге. Жезқазғанда бу-газ қондырғысының екі блогы салынады
Жезқазғанның Жылу Электр орталығында жалпы қуаты 100 МВт бу-газ қондырғысының екі блогы салынбақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаның жалпы құны шамамен 80 миллиард теңге. Іске асыру мерзімі - 2023-2026 жылдар. Ол үшін бүгін Ұлытау облысының әкімдігі, «Қазақмыс Энерджи» және Қытайдың «Sepco» корпорациясы екі жақты меморандумға және шарттарға қол қойды.
Маңызды құжаттарға қол қою рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы және Оңтүстік-Шығыс және Орта Азиядағы Sepco корпорациясының директоры Уанг Гуанжонг және Қазақстан Республикасындағы Синохайдро өкілі Ли Тенг қатысты.
Алдымен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы арасында «Жезқазған Жылу Электр орталығында жалпы қуаты 100 МВт Бу газ қондырғысының екі блогын салу» жобасын іске асыру туралы Меморандумға қол қойылды.
Одан кейін «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы мен Қазақстан Республикасындағы Синохайдро өкілі Ли Тенг арасында Жезқазған қаласындағы Жылу электр орталығы алаңында қуаты ≈ 100 МВт бу-газ қондырғысын құру бойынша келісімшартқа қол қойылды. Үшінші кезекте «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы мен Оңтүстік-Шығыс және Орта Азиядағы Sepco корпорациясының директоры Уанг Гуанжонг арасында бу-газ қондырғысының жобалық қужаттамаларын дайындау бойынша келісім шартқа қол қойылды, - делінген Ұлытау облысы әкімдігі таратқан хабарламада.
Айта кетейік жобаны жүзеге асыру жұмысы басталған уақытта құрылыс жұмыстарында 300 адам жұмыспен қамтылса, іске қосылған соң тұрақты түрде 50 қызметкер жұмыс істейтін болады.