Жітіқарадағы өрттен зардап шеккен отбасыға барлық көмек көрсетіледі
Бүгін таңертең Жітіқара қаласында өрт шығып, бес бірдей бүлдіршін қаза тапты. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов дереу өңірге келіп, жедел кеңес өткізіп, оқиғаның себептерін жан-жақты тексеруді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Облыстық ақпарат штабына сілтеме жасап.
Аймақ басшысы қаралы отбасына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін ескертті.
Қазіргі уақытта отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр, балалардың үлкені - 2011 жылы туған жеткіншек зардап шекпеген, отбасы уақытша тұрғылықты жермен қамтамасыз етіліп, материалдық көмек көрсетілетін болады.
Бұл жағдайда ең өкініштісі, балалардың қараусыз қалғаны.
Еске салсақ, бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен 5 бала қаза тапты. Отқа оранған үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 ж. кәмелетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені 2011 жылғы бала ғана аман, зардап шекпеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал әкелері түрмеде отыр.
Оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.